Тәжікстанның тоғыз терминалы БҰҰ-ның ЭСКАТО құрғақ порт желісіне енгізіледі
АСТАНА. KAZINFORM – Тәжікстан Республикасының Көлік министрлігі ЭСКАТО жұмыс тобының отырысында халықаралық маңызы бар құрғақ порт желісіне қосуға елдің тоғыз көлік терминалы мен логистикалық орталығын ұсынды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Тәжікстан Көлік министрлігінің мәліметінше, «құрғақ порттар» мәртебесін алу үшін Душанбе, Турсунзаде, Хорог және Мургаб қалаларындағы логистикалық орталықтар, сондай-ақ «Төменгі Пяндж», «Кулма», «Гулистон», «Лахш» және «Бободжон Гафуров» шекара терминалдары ұсынылды. Бұл нысандар стандарттарға сәйкестендірілгеннен кейін халықаралық тізімге енгізіледі.
- ЭСКАТО-ның құрғақ порт желісіне қосылу бұл логистикалық орталықтар мен терминалдарды ресми карталарда және БҰҰ дерекқорларында көрсетуге мүмкіндік береді, бұл халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, Тәжікстанның транзиттік әлеуетін дамытуға және ұлттық көлік және логистикалық инфрақұрылымға инвестиция тартуға қосымша мүмкіндіктер жасайды, - деп хабарлады Көлік министрлігі.
Үкіметаралық келісімге 2013 жылдың 1 мамырында Бангкок қаласында қол қойылып, ол 2016 жылдың 23 сәуірінде күшіне енді. Келісімге қатысушылар арасында БҰҰ Азия және Тынық мұхиты үшін экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (ЭСКАТО) мүшесі болып табылатын 17 ел, соның ішінде Әзербайжан, Үндістан, Қазақстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Оңтүстік Корея бар.
Осыған дейін Тәжікстан 2037 жылға қарай толығымен «жасыл» елге айналуды жоспарлап отырғаны туралы хабарладық.