TBEX Asia 2026: Қазақстанға әлемнің 250-ден астам блогері мен медиа өкілі жиналды
АСТАНА. KAZINFORM — Алматыда жетекші саяхатшы блогерлердің, тілшілердің, инфлюенсерлердің және туризм саласы сарапшыларының басын қосқан TBEX Asia 2026 (Travel Bloggers Exchange) халықаралық форумы аяқталды. Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылған бұл шараға Солтүстік Америка, Еуропа және Азиядан 250-ден астам медиа өкілдері қатысты.
Форум Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігіне қарасты «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ, Алматы қаласы әкімдігінің Туризм басқармасы және Almaty Tourism Bureau (Visit Almaty) ұйымдарының бірлескен ұйымдастыруымен, сондай-ақ жергілікті және халықаралық компаниялардың серіктестігі аясында өтті.
Бағдарлама шеңберінде қатысушылар туристік бағыттарды ілгерілетудің заманауи үрдістерін, цифрлық маркетингті және жаһандық туристік ағындарды қалыптастырудағы авторлық контенттің рөлін талқылады. Бұдан бөлек, қонақтар үшін ел өңірлері бойынша: Алматы, Түркістан, Жетісу, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарына, сондай-ақ Астана — Бурабай макроөңіріне арнайы сапарлар ұйымдастырылды.
Форумның айтулы оқиғасы — жиынтық аудиториясы 76 миллионнан асатын (TikTok-та 59,1 млн, Instagram-да 9,6 млн және YouTube-та 8,4 млн) бірнеше тілде еркін сөйлейтін әлемге танымал блогер Омар Алиевтің Қазақстанның Туризм елшісі болып тағайындалуы еді. Омар Алиев халықаралық деңгейде Қазақстанның мәдени әралуандығы мен ашықтығын белсенді түрде насихаттап келеді, ал жаңа мәртебесінде ол елдің туристік әлеуетін жаһандық аренада танытып, шетелдік жастардың назарын аударуды жалғастырады.
— Мен әрқашан мүмкіндік шегінен тыс үлкен мақсаттарды армандадым. Бүгін өзіммен бірге тек өз армандарымды ғана емес, Қазақстанның атын да арқалап келемін. Сапарым қайда бағытталса да, мен елімнің рухын сақтап, абыройын асқақтатамын және өз тарихымның қайдан басталғанын ешқашан ұмытпаймын, — деп атап өтті Омар Алиев.
TBEX форумын өткізу — АҚШ, Канада, Ирландия, Чехия, Испания, Швеция, Греция, Таиланд, Филиппин және басқа да елдер бұған дейін табысты жүзеге асырған сапалы туристік ағынды тартудың сыналған халықаралық тәжірибесі.
— TBEX деңгейіндегі жобалардың басты құндылығы — олардың ұзақ мерзімді әсерінде. Қатысушылар жасаған контент жылдар бойы жұмыс істеп, біздің бағытқа деген тұрақты сұранысты қалыптастырады. Бұл медиа белсенділік Қазақстанның жергілікті экономикасына тікелей қайтарым береді — қонақүйлердің жүктелуі, көлік инфрақұрылымының дамуы, гастрономия саласы және бүкіл ел бойынша шағын әрі орта бизнесті қолдау арқылы жүзеге асады, — деді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Ғазизов.
Сондай-ақ шара аясында саланың мамандар әлеуетін нығайтуға бағытталған «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ мен AlmaU Университеті арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Келісім шеңберінде тараптар бірлескен білім беру жобаларын жүзеге асыруды, практикалық шаралар өткізуді және студенттерге тағылымдамалар ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бұл болашақ мамандарға тәжірибе жинақтап, индустрияның дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді.
Форум қатысушыларының жиынтық аудиториясы 300 миллионнан асады. TBEX Asia 2026 шеңберінде қалыптасқан контент елді туристік бағыт ретінде ілгерілетудің ұзақ мерзімді құралына айналып, негізгі шетелдік нарықтарда ұлттық туристік брендтің танымалдылығын нығайтады.
Еске сала кетейік, жақында Туризм және спорт министрлігі елімізде туризмді мемлекеттік қолдау тетіктері жетілдіріліп жатқанын хабарлады.