Тбилиси құрғақ порты Орта дәлізді дамытуға 55 млн долларға дейін инвестиция салады
АСТАНА. KAZINFORM – «Тбилиси құрғақ порты» жобасының екінші кезеңін іске асыруға кірісті. Оның аясында Орта дәлізді дамытуға 55 млн АҚШ долларына дейін инвестиция салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің өңірдегі меншікті тілшісі.
Бұл туралы компанияның бақылау кеңесінің төрағасы Джемал Инаишвили мәлімдеді.
Оның айтуынша, терминалдың алғашқы жұмыс жылы жобаның тиімділігін дәлелдегенімен, оны одан әрі дамыту үшін бірқатар логистикалық шектеулерді жою қажет.
Қазір компания «Грузия темір жолымен» бірлесіп Поти порты мен Тбилиси арасындағы контейнерлік тасымалдардың тиімділігін арттыру бағытында жұмыс істеп жатыр.
– Алғашқы жұмыс жылында жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Біз «Грузия темір жолымен» өте тығыз жұмыс істеп жатырмыз, өйткені жобаның табысы теміржол жұмысының тиімділігіне тікелей байланысты. Бірлесіп қолданыстағы кедергілерді жоюдамыз. Сонымен қатар Поти портынан Тбилисидегі құрғақ портқа блок-пойыздар арқылы контейнерлерді үздіксіз әрі сенімді жеткізу үшін өзіміздің теміржол платформалары паркін құру мүмкіндігін қарастырып жатырмыз, – деді Джемал Инаишвили.
Оның айтуынша, екінші кезең аясында жалпы аумағы шамамен 50 мың шаршы метр болатын А санатындағы қоймалар салынады.
Жобаға салынатын инвестиция көлемі 50–55 млн АҚШ доллары шамасында бағаланып отыр. Егер жеке теміржол платформалары паркін құру жобасы іске асса, инвестиция көлемі бұдан да артуы мүмкін.
Екінші кезең аяқталғаннан кейін порттың жылдық өткізу қабілеті 200 мың TEU-ге дейін жетеді. Жоба Грузияның өңірлік логистикалық хаб ретіндегі позициясын нығайтып, Орта дәліз бойындағы мультимодальды тасымал мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.
Еске салайық, «Тбилиси құрғақ портының» ресми ашылуы 2025 жылғы 3 маусымда, бір айлық сынақ режимінен кейін өтті. Жобаның бірінші кезеңіне 20 млн АҚШ доллары инвестиция салынды. Ал 2024 жылы Біріккен Араб Әмірліктерінің AD Ports Group компаниясы терминал акцияларының 60 пайызын сатып алып, оның стратегиялық серіктесіне айналды.
Айта кетейік, Грузия арқылы Орта дәлізбен өтетін жүк тасымалының көлемі 20%-дан астамға артты.