Тбилисиде әйгілі «Фуксас құбырларын» бөлшектеу жұмыстары басталды
АСТАНА. KAZINFORM — Тбилисиде қаладағы заманауи сәулет өнерінің ең танымал нысандарының бірі – «Рике құмыралары», немесе «Фуксас құбырлары» деп аталатын кешенді бөлшектеу жұмыстары басталды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің өңірдегі меншікті тілшісі хабарлады.
Жұмыстар 28 шілдеде басталды. Тбилиси қаласы әкімдігінің Сәулет қызметі берген рұқсатқа сәйкес, бөлшектеу жұмыстары 2026 жылдың 25 желтоқсанына дейін аяқталуы тиіс.
Кешен қала орталығындағы Рике саябағында орналасқан. Ол әйгілі италиялық сәулетші Массимилиано Фуксас жобалаған шыны мен металдан тұрғызылған цилиндр пішінді екі құрылыстан тұрады. Осы сәулетшінің жобасымен Тбилисиде Әділет үйі де салынған.
Нысанның құрылысы 2011 жылы, Михаил Саакашвили президент болған кезеңде басталған. Мұнда концерт залы, музыкалық театр және мәдени орталық ашу жоспарланған еді. Алайда билік ауысқаннан кейін жоба тоқтатылып, пайдалануға берілмеді. Он жылдан астам уақыт бойы кешен жабық күйінде қалып, бірнеше рет иесін ауыстырған.
Қазіргі таңда нысан түркиялық инвестормен байланысты Macro Property компаниясына тиесілі. Грузияның бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, кешеннің орнына қонақүй салынуы мүмкін.
Сонымен қатар, Тбилиси мэрі Каха Каладзе бұған дейін бөлшектеу жұмыстары нысанның толықтай жойылатынын білдірмейтінін айтқан. Оның сөзінше, егер меншік иесі шешім қабылдаса, металл конструкциялар басқа жерге көшірілуі мүмкін.
Кешенді бөлшектеу туралы шешім Грузия қоғамында кең талқылауға себеп болды. Сәулетшілер мен урбанистер «Фуксас құбырларын» Тбилисидегі заманауи сәулет өнерінің символдарының бірі деп санап, оны сақтап қалуды қолдайды. Ал қала билігі пайдаланылмаған нысанды күтіп ұстауға қомақты қаржы қажет екенін алға тартып отыр.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамптың отбасы иелік ететін The Trump Organization компаниясы Грузияда елдегі ең биік зәулім ғимаратты салатыны хабарланған болатын.