Театр сахнасы ұлттық болмысымызды сақтап қалуға жауапты болуы керек – режиссер Болат Ұзақов

Сол сияқты кез-келген бір ел әлем алдында даңқы артып, беделге ие болса, ол халықты сондай дәрежеге жеткізген «әдістің» жолдарының бірі - өнер. Ал сол халықтың өнерін паш етіп, өрге тартатын тумасынан талантты тұлғалар болып келеді. Бір-бірінен ажырата алмайтын құбылыс сынды. Бұл құбылыс қазақ халқының тарихында ерекше қасиетке ие. Қандай қилы кезеңді бастан өткергенмен, қазақтың өнері, қазақтың салт-дәстүрі жаңғырып отырмаса, ешқашан шаң басқан емес. Дәстүрімізді дәріптеген дараларға да дарханбыз. Тарих қойнауы тереңдеп, заман ауысқан сайын өнеріміз де дамып, жаңа салалармен толығып отырды. Кезінде қазақ жазушылары қағазға түсірген дүниелерді кейін режиссерлік сала сахнаға шығарып, көрермен назарына ұсынды. Бүгінгі әңгімеміздің негізі өнер әлемінен бөліп қарауға болмайтын осы режиссерлік сала болмақ. Қазіргі қазақ драматургиясы, қазақи қойылымдар, Қазақстандағы театр мен кино өнерінің адымын сарапқа салу үшін Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының режиссері, әртіс, «Құрмет» грамотасының иегері Болат Ұзақовпен сұхбат жүргізген едік.
- Болат аға, әңгімемізді осы театрдағы өзіңіздің еңбек жолыңыздан бастасақ.
- Мен Қ.Қуанышбаев атындағы театрға 1997 жылы келдім. Ол уақытта театрдың директоры, көркемдік жетекшісі Қазақстанның халық әртісі, театр саласында айрықша қолтаңбасы бар режиссер ағамыз Қадыр Жетпісбаев болатын. Осы театрға шақырған да сол алаштың ардақты азаматы. 1997 жылды білесіздер, ел өміріндегі маңызды кезең, яғни жаңа елорданың бой көтерген уақыты. Бұл жыл әлем картасында Астана атты қаланың пайда болуымен тарихта қалды. Сол жылдың желтоқсан айында барлық мемлекеттік рәміздеріміз Астана қаласына көшірілді. Мен де келе салысымен елордадағы дүбірлі өмірге қосылып кеттім. Ел ордасы көшірілген кезде сырт көзді қойып, ел арасында күмәнді сөздер көп жүрді. «Қиын кезде неге көшірді екен, болашақта бұл қала аяғынан тік тұра алады ма?...» деген жұмбақты сауалдар да жиі қойылып, жан-жақтан күмәнді пікірлер шыға берді. Осындай сөздерді естігенде бізге қадалып тұрған сын көздің көп екеніне көзім жетті. Біздің алдымызда астаналық көрерменнің өнерге деген ойын қалыптастыру, театрды дамытып, елордалық мәртебеге көтеру міндеті тұрды. Сондықтан жанымызды салып, намысты қайрап, ештеңеге қарамастан білек сыбана жұмысқа кірістік. Кейде сол кезеңді еске ала отырып, қазіргі жасымызда тағы да сондай бір тәуекелге бел байлаңдар десе, келісер ме едік, келіспес пе едік деген ойға қаламын. Осы театрға келгендегі тарихтың қысқаша бастауы осы.
- Астана көрермендеріне ұсынған ең алғашқы қойылымыңыз қандай?
- Сол жылы, яғни 1997 жылы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының сахнасына шығарған алғашқы спектаклім М.Әуезовтің «Көк серек» повесіне негізделіп шыққан «Қанды ауыз» қойылымы болды. Осы қойылыммен республикалық фестивальге қатысып, қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаға ие болдық. Ең басты жүлдеміз Каир қаласында әлемнің 75 елінің театрлары өнер көрсететін фестивальге баратын жолдама еді. Мен дүниежүзілік деңгейдегі байқауда уақытым жеткенше Италия, Жапония, Германия сынды елдердің театрлары қойған қойылымдарды тамашалап жүрдім. Сол сапарда ойыма түйгенім, алдыңғы қатарлы әлем халықтарынан үлгі алып, шетелдіктердің озық тәжірибесін үйреніп, олардың шығармаларын аударып жатқанымызбен, қазақ халқының өнерін сөзсіз түсіндіріп тұратын, театрларымызды атқаратын міндетін анық көрсетіп тұратын ерекшеліктен ешқашан айырылып қалмауымыз керек екен. Яғни, қалай болған жағдайда да қазақ театрының сахнасы, оған шығарылатын туындылар әлем алдында қазақтың менталитетін, қазақтың болмысын сақтап қалуда жауапты болуы керек десем артық айтқандығым болмас.
- Жақында «Антивирус» атты қойылымның премьерасын өткізбек екенсіздер. Спектакльдың атауының өзі көрерменді қызықтырып әкетердей. Мазмұнына қысқаша тоқталып өтсеңіз?
- Бұл спектакльді жазған осы театрдың директоры, драматург Еркін Жуасбек. Мені қызықтырғаны, осы қойылымды сахналауыма шығарманың идеясы түрткі болды. Қойылымның мазмұнына тоқталмас бұрын, алдымен оның айтпақ ойы жайлы сөз қозғасам. Жалпы, қазақ халқының кеңдігі ертеден-ақ белгілі, қазір де елімізде көпұлтты жүйе бар. Алайда кейде ешкімді жатырқамайтын мінезіміз, дархандығымыз жайлы ойлану керек сияқты. Шыны керек, мына кең байтақ далаға көз салып, асты байлыққа толы жерімізді «жетектеп» кеткісі келетіндер бар ғой. Қанша ұлт өкілдерін бауырымызға басып отырғанымызбен, болашақ ұрпаққа қалдырар мұрамызды мықтап ұстап, тәрбие тізгінін босатпау керекпіз. Яғни санамызды улайтын заттардан қорғануымыз керек.
Ал қысқаша мазмұнына келер болсақ, оқиға желісі көліктерге техникалық қызмет көрсету орталығында өрбиді. Орталықтың менеджері, ауылдан келген қария мен қалтасы ақшаға толы байдың баласы бір жағдайды бастан кешіреді. Орысша сөйлейтін әлгі бай баласы ауылдан келіп, оқуынан кейін көлік жуып, күн көріп жүрген студент қызға ғашық болады. Қойылымдағы ақсақал кейіпкері орталық маңындағы дәмхананың меңгерушісі, ауқатты әйелге көңілі кетеді. Ал менеджер жігіт орталыққа көлігін жөндетуге келген жұмысбасты аруды сүйіп қалады. Мұндағы ең басты заңдылық адамдардың бір-біріне деген қарама қайшылығы. Тағы бір кейіпкер қызмет көрсету орталығында қара жұмыс істейтін өзбек ұлтының азаматы болады. Ол қыздардың назарын өздеріне қарата алмай жүрген жігіттерге бір ұсыныс тастайды. Яғни ол басқа төрт-бес қыз-келіншек алып келеді. Біз бұл орайда қыздардың барлығын әдейі ұлты бөлек қыздарды алдық, олар келе салысымен бір-бір жігітке қызмет көрсете бастайды. Ал жоғарыдағы үш кейіпкер нәзік жандылар ертеңінде келген күні не болып жатқанын түсінбейді. Содан «бұлар біздің қожайындарымыз, қандай қалауы болса да орындаймыз» деген бөтен қыздардың сөзіне қазақ қыздарының намысы оянып, тізгінді өз қолдарына алады. Комедиялық қойылым соңында өзбек жігіт алып келген қыздарына «қазақтың қыздарының намысы оянса, нағыз қауіп» дей отыра, спектакльдің ойын түйіндейді. Міне, қысқаша мазмұны осындай. Құдай қаласа, 19 мамыр күні премьерасы өтеді, көрермен өз бағасын бере жатар.
- Кейбір театр әртістерінің пікірінше, қазір сахнаға алып шығуға болатын туындылар жоқтың қасы. Көрерменге ұсынылып жүрген қойылымдар бұрын жазылған. Жаңартылмай, қойыла береді. Бұған қандай ой айтасыз?
- Қазір сахнаға арнап жазылып жатқан туындылар жоқ деген бекер болар. Біздің театрды ғана алып қарасақ, былтыр ғана Қанат Жүнісов «Махаббат мелодрамасын» жазды, Думан Рамазан «Кенесары-Күнімжан» атты тарихи туынды ұсынды. Ал енді жалпы драматургия саласына тоқталсақ, жазылған пьесалардың көбін сахналау, шынымен қиын. Себебі таза драматургияға арнап жазатын драматургтер аз. Пьесаларды жазатындардың біразы журналистер, ақындар, әдебиетшілер. Ол авторлар жақсы ойларын әкелгенімен, олар сахнаға шығаруға үйлеспейді, ондағы рөлдерді әртістер алып шыға алмайды, себебі мүмкін емес. Көптеген авторлар пьесаларын қабылдамаған кезде, наздарын айтып жатады. Алайда ол драматургия формасына мүлдем келмейтінін білмейді.
- Драматургтер аз дедіңіз. Астанадағы драматургтерден кімдерді атай аласыз?
- Әкім Тарази, ол кісінің жолдасы - Роза Мұқанова, Еркін Жуасбек. Жалпы Қазақстан бойынша Дулат Исабеков, Қалихан Ысқақов, Иран Ғайып ағаларымызды атар едім.
- Аға, драматургиядан режиссерлікке, театрдан киноға ауыссақ. Сіз режиссер әрі әртіссіз. Ащы болса да шындық, киноиндустриямыз әлі де болса кенжелеп келеді, осы салаға қатысты пікіріңізді білсем
- Мен өнер адамы болғаннан кейін, режиссер, актер ретінде, тіпті қарапайым көрермен ретінде бұл жайында ойланбай жүрмін десем, ақиқатқа жанаспас. Бұл сұрақ мені де мазалайды. Тіпті болашақта өзім кино түсірсем деген ойым бар. Менің ойымша, сырттан ағылып жатқан кинолардан бас көтере алмай жатқан күйіміздің негізгі себебінің бірі -бізде түсірілген фильм мен ондағы әртістердің рөлдерінің шетелдік кинолардан айырмашылығы жоқ тәрізді. Тіпті оқиғалары, кино түсіру кезінде қолданған техникалық әдістері де соларға ұқсайды. Иә, Қазақстанда қазақ халқының ерекшелігін көрсетуге тырысқан фильмдер түсірілді. Бірақ ол туындылардың көрермен көңілінен шықпаудағы, қазаққа (көрерменге) қазақтың қандай екенін жеткізе алмаудағы қателігі - детальдың жоқтығы. Алып қарайықшы, американдықтар тек біздің нарықты ғана емес, әлемдік кино саласын несімен жаулап алды?! Американдық десе көз алдымызға ковбойлар оралады, себебі ол жақтың режиссерлары нағыз американдықтардың детальдарын анық көрсете білген. Яғни бір ковбой бейнесі арқылы сол халықтың мінезінен бастап киім кию үлгісіне дейін паш етті. Жапондықтар самурай арқылы ұлтты танытты. Бұл дегеніміз кино арқылы ғана біз өз халқымызды танытып, мақтаныш сезімін сезіне аламыз. Ал түрлері қазақ демесең, басқа елден көшірілген, мафиялар мен рэкеттердің төбелесін көрсетіп қойғанымызбен, еуропалықтар мен американдықтар баяғыда көрсетіп кеткен туындылардан айырмашылығы жоқ. Не болмаса қазақтың ұлттық киімін кигізе салып, бір-екі қазақтың киіз үйін тігу арқылы біз ештемеге қол жеткізе алмаймыз. Себебі біз қазақтың мінезін, менталитетін көрсететін деталь таба алмасақ, оны көрермен, өнертанушылар қабылдай алмайды. Түсіріліп жатқан саны көп те сапасы аз туындылардың ғұмыры басталмай жатып бітіп жататын себебі де осында болар. Бірақ сын айта бермей, жағдайды оңтайландыру әдістерін ойлауымыз керек. Қазір «Қазақфильм» директоры Ермек Аманшаев жақсы бір саясат ұстанады. Бұрын кино түсіруге қолы қысқарып отырған режиссерлердің барлығына шектеу қомай, қажетті құралдарды беріп жатыр. Кинолардың барлығын көрсетіп жатыр. Бұл кино өнеріміздің өркендеуінде дұрыс жол бола алады. Өйткені бәсекелестік болған жерде таңдау болады, бір жылда 100 кино түсірілсе, соның ішінен тым болмағанда біреуі суырылып шығып, тек өз елімізде емес, шетелде де біздің мақтанышымызға айнала алады ғой.
- Сөзіңіздің арасында қалада өтетін мерекелік шаралардың сценариін жасап, ұйымдастыратыныңызды айтып қалдыңыз. Жылдың басында елімізде ірі саяси, мәдени, спорттық шаралардың, мысалға, «Ақ Азиаданың» ашылу, жабылау салтанаттары болды. Соған қатыстыңыз ба? Жалпы жақын арада қойған мерекелік бағдарламаларды атап өтіңізші.
- Мен «Азида» бағдарламаларына қатыспадым. Спорттық доданың ашылу, жабылу салтанатын ресейлік мамандар ұйымдастырды. Мен осы жерде тағы бір мәселеге тоқтала кетсем. Бізде халықаралық, әлемдік іс-шаралар өтетін болса, шетелден көмек шақырылады. Ал сол бағдарламаны өткізе алатын өз мамандарымызды тәрбиелеу, оларды қолдау, өсуіне мүмкіндік жасау жетіспейді. Сондай мамандықтардың бірі тағы да міне, режиссерлік сала. Біздің мамандардың шетте қалып жататыны - біріншіден, ауқымды шараларды өткізу тәжірибесі болмағандықтан, екіншіден озық техниканың жоқтығы. Отандық режиссерлерді сынаушылар көп. Егер де олардың тәжірибе жинақтауына, шетелдік мамандармен пікір алмасуына жағдай жасалған болып, режиссердің қолынан ештеме келмей жатса, тағылған мін орынды. Алайда біздің режиссерлер өз шеңберімізден шыға алмай отыр. Бұл бір ескеретін мәселе. Ал сұрағыңызға оралсам, жақында елордадағы наурыз мейрамын өткіздік. Қойылымдардың бас режиссері болдым.
- Қазір театрға жастар көп келеді ме? Жалпы, жас болсын, кәрі болсын, қазіргі көрерменнің көңілінен қаншалықты шығып жүрміз дер едіңіз?
- Біз әрқашан көрермен сұранысын ескеру керекпіз. Соның ішінде жастардың театрға деген қызығушылығы артуы үшін орта буынның, кейінгі ұрпақтың тілегі қамтылуы керек. Тілдің тазалығын, қазақи болмысымызды араластыра отырып сахнаға қазіргі заманға сай қойылым қояйық, жастардың биін билетейік, әнін шырқатайық дейміз. Міне сонда қызығушылық оянып, жастар рухани құндылықтарды осы театрдан іздейтін болады. Осыдан он жылдай уақыт бұрынғымен салыстырсақ, жастардың театрға келуі артты. Осы орайда айта кетейін дегенім, адам рухани байлығын іздеп, оны толтырып отыру үшін, оның материалдық жағдайы жақсы болуы керек. Қарапайым бір мысал келтірсем, жас маман, мұғалімнің бір айлық жалақысы 30-40 мың болсын, театр билетінің бағасы мың теңге. Енді ойлап қарасақ, ол адам ақшаны тұрмыста жетпей жатқан басқа қажеттілігіне жұмсауды жөн көреді. Жас болсын, кәрі болсын адамдардың жаппай өнерге бет бұруы үшін олардың әлеуметтік жағдайы жақсы болу керек.
- Алдағы жоспарларыңыз қандай? Театр саласынан басқа жолға ауысамын деп ойламайсыз ба?
- Бағана бір сөзімде айтып қалдым ғой, кино түсіремін бе деген ойым бар. Өнер адамдарының барлығы арманшыл, мақсатшыл болады. Сондықтан менің де мақсат-армандарым көп. Өзім тағы бірнеше пьеса жазып, сахнаға шығарсам ба деген жоспарым бар. Кино түсіру оңай жұмыс емес, сондықтан оған дайындық жасау керек, уақыт бөлу керек. Мүмкін алдағы күндері кино түсіру үшін театрдан белгілі бір уақытқа шектелуіме тура келер, алайда мен театрдан ешқашан кетпеймін.
- Сұхбатыңызға көп рахмет!