Teen Accounts: Қазақстанда балалар қауіпсіздігіне арналған жоба іске қосылады
АСТАНА. KAZINFORM — Meta компаниясы Teen Accounts деген атаумен жобаны іске қосады. Ол балалар мен жасөспірімдердің онлайн қауіпсіздігіне арналған. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Ілияс Есмағұл мәлім етті.

— Meta компаниясының Teen Accounts жобасын іске қосуы — үлкен қадам. Бұл аккаунттарда контентті реттеу мүмкіндігі қарастырылған. Ата-ана да бақылай алады. Сондықтан бұл өсіп келе жатқан ұрпақты зиянды контенттен қорғау бағытындағы маңызды қадам. Meta компаниясымен алдағы ынтымақтастық еліміздің тұрғындарына, балаларымызға пайдалы болады деп үміттенеміз, — деді Ілияс Есмағұл елордада Teen Accounts жобасының іске қосылуына және жастардың онлайн қауіпсіздігіне арналған іс-шарада.
Сондай-ақ журналистер министрлік өкілінен аталған жобаның қашан іске қосылатынын сұрады.
— Бұл сұрақты Meta өкілдеріне қойған жөн шығар. Дегенмен жобаны бүгін таныстырғандықтан, жуырда іске қосылады деп ойлаймын. Meta компаниясының өкілдері бұл жобаны таныстырып, оның зиянды контенттен балаларды қосымша қорғайтынын айтып отыр. Жобаны Meta әзірлегені анық. Бұл құрал тек Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге қолжетімді болады деп отырмыз. Жалпы біз Meta компаниясымен өте тығыз әріптестік орнаттық, тәжірибе алмасып, түрлі форумдар, семинарлар өткізіп келеміз, — дейді ақпарат комитеті төрағасының орынбасары.
Сондай-ақ спикер қазақстандықтардың жеке деректері заңмен қорғалғанын еске салды.
Бүгін елордада Қазақстанда Teen Accounts-тің іске қосылуы және жасөспірімдердің онлайн қауіпсіздігі тақырыбында кездесу өтті. Іс-шараға Ішкі істер министрі, Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі (онлайн), Балалар құқығы жөніндегі уәкіл және Meta өкілдері қатысты.
ЮНИСЕФ зерттеуіне сүйенсек, әрбір бесінші бала кибербуллингке тап болады.
Сондай-ақ Ішкі істер министрі Ержан Саденов интернетте тәулік бойы мониторинг жүргізілетінін айтты.