Тегеран Ормуз бұғазын ашуға дайын екенін мәлімдеп, АҚШ-қа шарт қойды

АСТАНА. KAZINFORM — Тегеран БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында Вашингтонмен арадағы текетіресті бәсеңдетудің бір жолын ұсынды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлайды.

Иран готов открыть Ормузский пролив за 7 дней при снятии блокады портов — СМИ
Фото: Fars News x.com / @EnglishFars

Иран АҚШ әскери қысымды тоқтатып, елдің теңіз айлақтарын қоршауға алуды доғарса, Ормуз бұғазын жеті күн ішінде ашуға дайын. Бұл туралы сейсенбіде Иранның жоғары лауазымды шенеунігі Reuters агенттігіне мәлімдеді.

— АҚШ жағдайды дипломатиялық жолмен реттеуге ниетті екенін ресми түрде хабарлауы керек. Осыдан кейін тараптар алдағы үдерістің мерзімін өзара келісіп алады, — деді агенттікке берген сұхбатында Иран шенеунігі.

Оның айтуынша, Нью-Йоркке келген Иран делегациясына Вашингтонмен дипломатиялық байланысты қайта жандандыру үшін қажетті өкілеттік берілген.
Тегеранның бұл ұсынысы 16 қыркүйекте делдалдар арқылы АҚШ тарабына жеткізілген. Әскери қимылдарды тоқтату шарттары да осы жолмен талқылануы мүмкін.

— БҰҰ Бас Ассамблеясы АҚШ-қа дипломатиялық келіссөздерге қайта оралуға қолайлы мүмкіндік береді. Алайда оны қайта бастау үшін Вашингтон нақты қадамдар жасауы керек, — деді Иран шенеунігі.

Иран президенті Масуд Пезешкиан сейсенбіде БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясына қатысу үшін Нью-Йоркке аттанды. Қазірше оның БҰҰ штаб-пәтерінде АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесуі жоспарланып отырған жоқ.

Масуд Пезешкиан ұшар алдында халықаралық алаңдарда Иранның ұстанымын қорғауға ниетті екенін мәлімдеді. Бұған дейін Нью-Йоркке Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи келген болатын. Ол БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен телефон арқылы сөйлесіп, өзге мемлекеттердің өкілдерімен бірқатар кездесу өткізуді жоспарлады. 

Бұл дипломатиялық мәлімдемелер әскери қимылдардың қайта басталуы мүмкін деген ескертулер айтылған тұста жасалды.

Жексенбіде Иранның Орталық әскери қолбасшылығы АҚШ-тың аймақтағы бірқатар елдің қолдауымен жаңа әскери операция бастауға дайындалып жатқаны туралы ақпарат алғанын мәлімдеді. Тегеран мұндай жағдай орын алса, жауап шаралары еш шектеусіз жүргізілетінін ескертті.

Сонымен қатар Иранның ядролық қаруды таратпау туралы шарттан шығуға дайындалып жатқаны хабарланған болатын.

Ақзат Жиеналина