Тегерандағы ауызсу тапшылығы: билік эвакуацияға қамданып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Тегеранда су тапшылығы күрт артып, билік тұрғындарды көшіру ықтималдығына амалсыз көніп, эвакуацияға қамданып жатыр, деп хабарлайды BILD.

Тегеран сусыз қалуы мүмкін: билік эвакуация жоспарын дайындап жатыр
Фото: BILD

Ұзаққа созылған құрғақшылық салдарынан елдегі ауызсу тапшылығы күрделене түсті. Иран президенті Масуд Пезешкиан жауын жаумаса, су тұтыну нормасы енгізіліп, тіпті астананы эвакуациялау қажет болуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Қалаға ауызсу негізінен Амир-Кабир су қоймасынан келеді. Тегеранның сумен қамту басқармасының басшысы Бехзад Парсының айтуынша, онда небәрі 14 млн текше метр ғана қалған — бұл қойманың жалпы сыйымдылығының 8%-ы. Мұндай көлем Тегеранды екі аптадан артық қамтамасыз ете алмайды.

10 млн-нан астам тұрғыны бар мегаполис тәулігіне шамамен үш млн текше метр су тұтынады. Соңғы күндері кей аудандарда су беру уақытша тоқтатылған. Бұған дейін де жаз кезінде мәселелер болған.

Таяу Шығыс және жаһандық тәртіпті зерттеу орталығының (CMEG) талдауында Ирандағы су дағдарысы тек су қоймаларын ғана емес, құрғап жатқан батпақты аймақтар мен сарқылған жерасты көздерін де қамтитыны көрсетілген. Сарапшылар биліктің инфрақұрылымға инвестиция салуға нақты дайындық белгілерін байқатпай отырғанын, сондықтан жағдай одан әрі нашарлауы мүмкін екенін айтады.

Құжатта экологиялық дағдарыстар елде бұрын да жаппай наразылықтарға себеп болғаны, ал қазіргі су тапшылығының саяси салдары болуы мүмкін екені атап өтілген.

Иран астанасының басты ауызсу көзі екі апта ішінде толықтай сарқылып қалуы мүмкін екені бұған дейін хабарланған. Оған елді қыспаққа алып бара жатқан бұрын-соңды болмаған құрғақшылық себеп болып отыр.

Мұның алдында Иран президенті Масуд Пезешкиан Тегерандағы су мәселесі күрделі екенін мәлімдеп, ел астанасындағы су ресурстары мен қорларының азаюы алаңдатарлық жағдайда екенін айтқан.

Соңғы жаңалықтар