Тегеранда Иранның Жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеимен қоштасу рәсімі басталды

АСТАНА. KAZINFORM — Иранда бірнеше күнге созылатын аза тұту шаралары 9 шілдеде Ислам революциясының Жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеиді Мешһед қаласында жерлеумен аяқталады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Церемонии прощания с верховным лидером Ирана Али Хаменеи начались в Тегеране
Фото: IRNA

Жұма күні Тегеранда Ислам революциясының Жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеимен қоштасу рәсімінің алғашқы кезеңі басталды. Бұл туралы Иранның IRNA ақпарат агенттігі хабарлады.

Таңертең ерте Әли Хаменеидің және онымен бірге қаза тапқан серіктерінің мәйіттері Тегерандағы «Мосалла» діни кешеніне жеткізілді. Олар екі күнге созылатын қоштасу рәсімі қарсаңында кешеннің негізгі намаз залында орналастырылды.

IRNA мәліметінше, Тегеранға ислам орталықтарының, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ Италия, Нидерланд, Ұлыбритания, Дания және Аустрияны қоса алғанда, бірқатар Еуропа елдеріндегі соғысқа қарсы қоғамдық қозғалыстардың өкілдері барды.

Жұма күні шетелдік делегациялар үшін де жеке рәсім ұйымдастырылды. IRNA хабарлауынша, Әли Хаменеидің рухына тағзым ету үшін Ресей, Қытай, Үндістан, Түркия, Ирак, Босния және Герцеговина, Мажарстан, Бангладеш, Индонезия және Ауғанстанның діни көшбасшылары мен ресми өкілдері барды.

Сондай-ақ рәсімге Ливандағы «Амаль» қозғалысының делегациясы, Сирия, Ливан, Ирак және Мароккодан келген «қарсылық осі» қозғалыстарының өкілдері, Испания, Эквадор және Боливияның қоғам қайраткерлері қатысып жатыр.

Жарияланған кестеге сәйкес, Тегерандағы қоштасу рәсімдері сенбі және жексенбі күндері жалғасады. 6 шілде, дүйсенбі күні ел астанасында негізгі аза шеруі өтеді. Келесі күні рәсімдер Ирандағы шиизмнің басты діни орталықтарының бірі саналатын Кум қаласында жалғасады.

8 шілдеге Ирак астанасы Бағдадта, сондай-ақ шиит мұсылмандары үшін қасиетті Наджаф пен Кербела қалаларында аза тұту шаралары жоспарланған. Жерлеу рәсімі 9 шілдеде Әли Хаменеидің туған қаласы Мешһедте, имам Реза кесенесінің жанында өтеді.

Қоштасу рәсімдері қарсаңында Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы мәлімдеме жасап, Әли Хаменеимен қоштасу Ислам революциясының мұраттарына адалдықтың көрінісі екенін мәлімдеді.

Сондай-ақ корпус елдің қарулы күштері толық жауынгерлік әзірлікте екенін айтып, Иранға қарсы кез келген әрекетке бұрынғыдан да қатаң жауап қайтарылатынын ескертті. Мәлімдемеде азаматтар ұлттық бірліктің белгісі ретінде аза тұту шараларына жаппай қатысуға шақырылды.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Иран билігі бірнеше күнге созылатын аза тұту рәсімдерін соңғы онжылдықтардағы ең ірі мемлекеттік шаралардың бірі ретінде қарастырып отыр. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Тегеранда күзет күшейтіліп, рәсімдерге шетелдік ресми тұлғалар мен Иранның одақтастарының өкілдері қатысып жатыр.

Жерлеу рәсімі елдегі қарулы қақтығыстың жалғасуына байланысты бірнеше айға кейінге шегерілген болатын. Қоштасу шаралары Иран мен Ирактың бірнеше қаласында өтіп, Әли Хаменеиді туған жері Мешһедте жерлеумен аяқталады.

Бұған дейін 1 наурызда АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social парақшасында Иранның жоғары жетекшісі Әли Хаменейдің қаза тапқанын жеткізді.

Кейіннен Иранда Аятолла Хаменеидің қазасы расталып, елде аза тұту жарияланды.