Тегін спорт үйірмелеріне 43,2 млрд теңге бөлінген
Биыл жергілікті әкімдіктер тегін спорт үйірмелеріне 43,2 млрд теңге бөлген, деп хабарлайды Kazinform.

Бұл жайында Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде мәлім етті.
«Елімізде дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде 7,6 млн адам айналысады. Бұл жалпы халықтың 38,5 пайызы деген сөз. 2029 жылға қарай осы көрсеткішті 50 пайызға дейін жетеді деп жоспарланып отыр.
Саламатты өмір салтын насихаттауға бағытталған 25 мыңнан астам спорттық-бұқаралық іс-шара тұрақты негізде өткізіледі. Ол іс-шараларға жыл сайын 1,2 млн адам қатысады. Оның ішінде 500 мың ауыл тұрғыны да бар», - деді министр.
Сондай-ақ, ол спорт саласындағы мемлекеттік тапсырыстың көлемін атады.
«Спорт саласындағы мемлекеттік тапсырыс аясында биыл 250 мыңнан астам бала мен жасөспірім үйірмеге тартылды. Оған жергілікті әкімдіктер 43,2 млрд теңге бөлді. Нәтижесінде 220 мың балаға арналған ваучерлер іске қосылып, 6 мыңнан астам спорт секциясына тегін қатысу мүмкіндігі пайда болды», - деді Ермек Маржықпаев.