Тегін тамаққа талас: Алатау қаласында дәмханаға айыппұл салынды

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алатау қаласында адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген дәмхана жазаланды.

Алатау қаласында әкімдікпен келіспей іс-шара өткізген дәмхана иесі жауапқа тартылды
Фото: видеодан салынған скрин

Биыл 26 қазан күні Алатау қаласында дәмхананың ашылуына орай тегін суши таратылған. Алайда тегін тамаққа таласқан адамдардың көптігінен дәмхана алдында тәртіпсіздік орнаған.

Алматы облысының полиция департаментінің мәліметінше, тексеру барысында іс-шараның Алатау қаласы әкімдігімен келісілмегені анықталды. Сондай-ақ дәмхана әкімшілігі көпшілік жиналған жерде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын орындамаған.

- Мекеме иесіне қатысты әкімшілік іс қозғалды. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 443-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету талаптарын бұзғаны үшін кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды, – деп хабарлады облыстық полиция департаментінен.

Еске салайық, бұған дейін Атырауда «пранк» үшін қызды күштеп көлікке отырғызған үш азаматқа айыппұл салынды.

 

Соңғы жаңалықтар