Техника розеткаға қосулы тұрса, электр энергиясын тұтына ма: түнде қандай құрылғыларды өшірген дұрыс
АСТАНА. KAZINFORM — Қазіргі тұрмыстық техниканың бір бөлігі өшірілгеннен кейін де күту режимінде электр энергиясын тұтынуды жалғастырады. Мұндай құрылғылардың электр энергиясына жұмсалатын шығынға әсері қаншалықты және түнде қандай техниканы розеткадан ажыратқан дұрыс екенін Kazinform тілшісі анықтады.
«Астана-РЭК» АҚ ПТС энергия үнемдеу жөніндегі жетекші инженері Ольга Сердюкова қазіргі заманғы техниканың күту режимінде де электр энергиясын тұтынуы мүмкін екенін айтты. Бұл режимде құрылғы индикаторлардың, сағаттың, қашықтан басқару жүйелерінің, желілік қосылымдардың және басқа да электрондық компоненттердің жұмысын қамтамасыз етеді.
— Яғни пультпен өшірілген теледидардың электр қуатынан толық ажыратылуы міндетті емес. Егер индикаторы жанып тұрса, дисплей жұмыс істесе немесе құрылғыны қашықтан қосу мүмкіндігі сақталса, ол әдетте электр желісіне қосулы күйінде қалады және энергия тұтынуы мүмкін, — деп түсіндірді Ольга Сердюкова.
Оның айтуынша, бір құрылғының тұтынатын энергиясы әдетте аз болады. Сондықтан розеткада қалдырылған бір зарядтағыш электр энергиясының төлеміне айтарлықтай әсер ете қоймайды. Алайда теледидар, ойын приставкасы, компьютер, аудиожүйе және басқа да техника үнемі қосулы тұрса, олардың тұтынатын энергиясы қосылады.
Қандай техника күту режимінде электр энергиясын тұтынады
— Ең алдымен, бұл электрондық басқару жүйесі бар заманауи техника. Оларға теледидарлар мен медиаприставкалар, компьютерлер мен мониторлар, ойын консольдері, аудиожүйелер, принтерлер, кейбір микротолқынды пештер мен кофеқайнатқыштар жатады. Сондай-ақ әртүрлі қуат көздері мен зарядтағыштар да осы санатқа кіреді, — деді сарапшы.
Роутерлер мен басқа да желілік құрылғылардың ерекшелігі бар. Олар үздіксіз жұмыс істеуге арналғандықтан, әдетте тәулік бойы қосулы тұрады және электр энергиясын тұрақты түрде тұтынады.
Құрылғының күту режимінде тұрғанын оның өшірілгеннен кейін де индикаторының немесе дисплейінің жұмыс істеуінен байқауға болады. Сондай-ақ техниканы қашықтан басқару пульті немесе басқа құрал арқылы қайта қосу мүмкіндігі де оның электр желісіне қосулы екенін көрсетеді.
Түнде қандай техниканы өшіруге болады
Маманның айтуынша, түнде немесе үйде ұзақ уақыт ешкім болмайтын кезде пайдаланылмайтын техниканы розеткадан ажыратуға болады.
— Оларға теледидарлар, ойын приставкалары, компьютерлер, принтерлер, аудиожүйелер және зарядтағыштар жатады. Бұл әсіресе бірнеше күнге немесе демалысқа кететін кезде маңызды, — деп түсіндірді ол.
Бірнеше құрылғыны қосқышы бар бір электр сүзгісіне қосып қоюға болады. Мысалы, теледидарды, приставканы және аудиожүйені бір уақытта электр желісінен ажырату ыңғайлы.
Дегенмен Ольга Сердюкова бір шағын құрылғыны өшіру арқылы айтарлықтай үнемге қол жеткізу қиын екенін атап өтті.
— Бір құрылғыны розеткадан ажырату әдетте аз ғана үнем береді. Ал үнемі электр желісіне қосулы тұратын бірнеше құрылғының жиынтық тұтынуын азайту арқылы нәтиже айқынырақ болуы мүмкін, — деді сарапшы.
Қандай техниканы өшіруге болмайды
Алайда барлық тұрмыстық техниканы электр желісінен ажыратуға болмайды. Үздіксіз жұмыс істеуі қажет құрылғыларды өшіру ұсынылмайды.
— Ең алдымен, бұл тоңазытқыштар мен мұздатқыштар. Оларды ұзақ уақытқа өшіру азық-түліктің бұзылуына әкелуі мүмкін. Сондай-ақ роутерлерді, күзет жүйелерін және үздіксіз жұмыс істеуге немесе қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған басқа да құрылғыларды қажетсіз жағдайда өшірмеген жөн, — деді сарапшы.
Осылайша, розеткада қалдырылған бір зарядтағыш электр энергиясына төленетін соманың айтарлықтай өсуіне себеп бола қоймайды. Алайда үнемі қосулы тұрған көптеген құрылғының жиынтық энергия тұтынуын азайту электр энергиясының шығынын қысқартуға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Шымкентте электр желілеріндегі ақау 43 мыңнан астам абонентті жарықсыз қалдырғанын жаздық.