Техникалық мамандықтарға қызығушы студенттер саны да, бұл бағыттағы проблемалар да артып келеді - ҚазҰУ профессоры

«Елімідегі барлық ЖОО-да мамандарды даярлау негізінен екі тілде жүзеге асатыны белгілі. ЖОО-да қазақ және орыс бөлімдерінде оқитын студенттердің қарым-қатынасы, қазақ тілінде оқытылу дейгейі егемендік алғаннан кейінгі уақыттан бері жылдан-жылға өзгеріп келеді. Мысалы, бұрынғы Кеңес кезінде мамандардың басым көпшілігі орыс тілінде даярланатын. Еліміз егемендігін алғалы бері екі бөлімдегі студенттер санының ара салмағы өзгергенін айрықша байқауға болады. Алғашқы жылдары екі бөлімдегі оқитын студенттер саны теңесіп, химия факультетіндегі 2008-2009 оқу жылында бакалавриаттағы қазақ бөліміндегі жалпы студенттер саны 70 пайыздан 85 пайызға дейін, орташа есеппен алғанда 75 пайызды құрап отыр. Осындай үрдістер республика ЖОО-ры бойынша да байқалуда», дейді профессор.
Жалпы қазіргі кезде техникалық мамандықтарға қазақ тілді студенттердің санының артуына мемлекеттің техникалық мамандықтарға грант санын арттыруы басты себеп. Сонымен қатар, жыл сайын оралмандардың да саны өсіп және шет елдердегі қазақтардың еліміздегі ЖОО-на түсуі де артып келеді. Техникалық мамандықтарға қазақ тілді студенттер санының артуы өз кезегінде тағы бір мәселені туындатып отыр. Ол ЖОО-ғы қазақ бөлімінде оқитын студенттерді қазақ тілінде оқулықтармен, оқу-әдістемелік құралдарымен қамтамасыз ету проблемасы.
«Бұл проблеманы шешу бірнеше мәселелердің басын қамтиды. Біріншіден, кредиттік жүйенің ерекшеліктерінің бірі - оқытушылардың студенттерге беретін аудиториялық сабақтар санының азайып, керісінше студенттің өзіндік жұмысына берілетін сағаттың көбеюіне әкелуде. Сондықтан, студенттердің білім алуының басты көзі олардың оқу-әдістемелік құралдармен, ғылыми әдебиеттермен көбірек жұмыс істеуі керек. Орыс тобындағы шет тілін меңгерген және қазақ тобында орыс, шет тілдерін меңгерген студенттер интернетті пайдаланып бірнеше тілде жазылған әдебиеттермен жұмыс істеуіне тура келеді. Бұған студенттердің басым көпшілігі, әсіресе қазақ тобындағылар, даяр емес. Ал қазақша оқулықтар мен оқу құралдары барлық пәннен даярланып біткен жоқ. Оларды жазу, баспадан шығару біраз уақытты қажет етеді. Ал елімізде орыс тілінде шыққан оқулықтар жеткілікті», дейді ғалым.
Бұл жерде айта кететін бір нәрсе, сөздіктерді тек орысша-қазақша шығарып қоймай, басқа тілдерде болуының қажеттілігі бар. Өйткені ол орыс тілін мүлдем білмейтін, Қытай, Монғолия және тағы да басқа шет елдерден келген оралман студенттер үшін қажет», дейді Ә.Қоқанбаев.