09:09, 08 Қазан 2013 | GMT +5
«Техникалық және кәсіптік білім» журналының кезекті саны жарыққа шықты
АСТАНА. 8 қазан. ҚазАқпарат - Бұл басылымның меншік иесі «Техникалық және кәсіптік білімді дамытудың және біліктілікті берудің республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы» акционерлік қоғамы болып табылады.

Мемлекеттік және орыс тілінде шығатын осы ақпараттық-әдістемелік журналда еліміздегі білім мен ғылымның дамуы, қол жеткізген табыстары қамтылады. Журналдың бас редакторы Әбдімүтәліп Әбжаппаров оқырмандарға арнаған сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Астана мектептерінің үздік оқушыларымен өткізген «Патриоттық тәрбие» сабағының маңыздылығына тоқталған. Елбасының бұл өнегесі жас ұрпақтың патриоттық сезімін жанып, ерекше сезімге бөлеген айтулы оқиға болғанын атап өткен. «Білім - бақытқа жетудің жолы, дүниені танудың кілті»,- дей келіп, өз ойын білімді ұрпақ, білікті маман, жарқын заман болсын деген тілегімен аяқтаған. Өзекті тақырып ретінде журналда Білім және ғылым министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Қадырбек Бөрібековпен жүргізілген сұхбат оқырман назарына ұсынылған. Сұхбатта Қазақстандағы техникалық білімнің өркен жаюы, әлемдік тәжірибелер туралы мәселелер қамтылған. «Техникалық және кәсіптік білімді дамытудың және біліктілікті берудің республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы» АҚ-ының басшылығы мен Сауд Арабиясы Королдігі Техникалық және кәсіптік оқыту корпорациясының өкілдерімен өткізген халықаралық жүздесу де журналда көрініс тапқан. Техникалық және кәсіптік білім беру саласының өңірлердегі қызметі де басылымнан орын алған. Сондай-ақ журналдың арнайы топтамасында 110 жылдық мерейтойын атап өтіп отырған Мұхтар Әуезов атындағы Семей педагогикалық колледжінің тыныс-тіршілігі, жетістіктері, даму жолы туралы материалдар берілген. Колледж директоры Шағангүл Жанаева ұлылардың ұлағаты дарыған байырғы білім ордасы туралы ойларын ортаға салған. Ал осы колледждің педагогика пәнінің оқытушысы Мәриям Битебаева «Қазақ халқының ақыл-ой тәрбиесінің негіздері» атты танымдық мақаласында жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды қалай дарытуға болатыны жөнінде өз пайымдауларын алға тосқан. «Ұрпақ тәрбиесі - Қазақстанда жүріп жатқан реформалар мен ғылыми-техникалық дамудың алғы шарттарының бірі. Жаңа қоғам қазіргі адамдардан тез ойлап, жылдам шешім қабылдауды талап етеді. Сондықтан да қазақ халқының өте әрідегі ата-бабаларының өмір сүргенінен бастау алып, күні бүгінге дейін қолданылып келе жатқан рухани мұрасының бірі - ақыл-ой тәрбиесінің негіздерін бүгінгі ұрпақ тәрбиесінде кеңінен қолға алу қажеттілігі туып тұр. Ақыл-ой тәрбиесі - жеткіншек ұрпақ тәрбиесінің бір бағыты және тәрбиенің аса маңызды құрамды бөліктерінің бірі. Ақыл-ой тәрбиесінің қуатты құралы - тіл. Ой тілсіз дамымайды. Тіл мен ойдың бірлігі - ақыл-сананың дамуына мүмкіндік туғызады. Ақыл-ой тәрбиесі - балалардың ойлау қабілетін дамытуға, интелектуалдық ақыл-ой санасын және дүниеге ғылыми көзқарасын жетілдіруге, ой еңбегі мәдениетін қалыптастыруға бағытталған іс-әрекет»,- дейді тәлімгер ұстаз.