Технология мен ЖИ кітапты алмастыра ма, әлде оған қайта әкеле ме - фоторепортаж
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Бүгінгі балаға кітап оқытудың ең тиімді жолы қандай? "Кітап оқы" деп талап ету ме? Әлде кітапқа қызықтырудың жолын өзгерту ме? Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы кітапхана үшін бұл сұрақтың жауабы кітап оқуға апаратын жолды өзгертуде жатыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялаған болатын. Осы ретте, Kazinform тілшісі Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханаға барып, жасанды интеллект пен өзге де технологиялардың қалай енгізіліп жатқанын көріп қайтты.
Мұндағы басты ерекшелік - кітапхана технологияны кітапқа қарсы қоймайды. Керісінше, оны кітапқа алып келетін құрал ретінде қолданады.
Сырт көзге мұнда түрлі цифрлық жобалар қатар жұмыс істеп тұрғандай көрінеді: жасанды интеллект, мультстудия, 3D-принтер, виртуалды шындық жобасы. Бірақ бұл жобалардың мүддесі бір – оқырманды кітаппен қайта қауыштыру.
Кітапханадағы мультстудия – соның айқын мысалы. Балалар мультфильм жасау үшін алдымен ертегі немесе әдеби шығармамен танысады. Кейіпкерлерді, оқиға желісін оқымай тұрып анимацияға кірісе алмайды. Яғни мұнда технология шығармашылықтың соңғы кезеңі ғана, ал алғашқы қадам – кітап оқу.
Кітапханада іске қосылған чат-бот та осы логикаға бағынады. Ол оқырманға қажетті кітапты немесе қызметті тез табуға көмектеседі. Бірақ басты функциясы – кітапханаға келу немесе іздеу процесін жеңілдету арқылы оқырманды кітаппен байланыстыру.
– Біз үшін технологияның өзі мақсат емес. Негізгі міндет – кітап оқуға шақыру. Жастар қайда қызықса, біз сол жерден кітап оқуға жол ашуға тырысамыз. Егер оларды жасанды интеллект қызықтырса, соны кітаппен байланыстырамыз, мультфильм қызықтырса – әдебиет арқылы жасатамыз, - деді кітапхана директорының орынбасары Жанат Жиенбекова.
Кітапханадағы виртуалды шындық жобасы да тек ойын ойнап қайтатын жер емес. VR көзілдірік киіз үй ішінде орнатылған. Балалар жаңа технологияны қолдану барысында қазақы атмосферада отырып, шежіре, жеті атаның тарихымен таныса алады. Яғни технология баланы виртуалды әлемге емес, ұлттық танымға бағыттайды.
3D-принтермен жұмыс істеу де жай техникалық процесс емес. Кез келген модель жасау үшін бала алдымен ақпарат іздейді, кейіпкер немесе нысан туралы дерек жинайды. Бұл ізденіс оны қайтадан кітап пен мәтінге алып келеді.
Кітапхана тек интерактив жобалармен шектелмейді. Bokey.kz платформасы арқылы Оралхан Бөкей шығармалары EPUB форматында қолжетімді. Оқырман мәтінді смартфоннан оқып, қаріп өлшемін өзгертіп, бір немесе қос бет режимін таңдай алады.
Кітапхана қызметкерлері жасанды интеллект мүмкіндіктерін халыққа тегін үйретіп, түрлі семинарлар мен шеберлік сабақтарын да өткізіп жүр.
Фотосуреттерді жандандыру технологиялары арқылы жазушы Оралхан Бөкейдің бұрынғы фотолары түрлі түсті болып жандандырылып, қайта шығарылған. ЖИ-дің бұл мүмкіндігін үйренуге көбіне зейнеткерлер келеді екен. Олар кезіндегі өздерінің, әке-шешелерінің суреттерін жандандырып беруді сұрап жатады.
P/s: Бүгінгі қоғамда «цифрландыру кітапты ығыстырады» деген пікір жиі айтылады. Бірақ Өскемендегі кітапхана тәжірибесі бұған кереғар болып отыр. Мәселе кітапта емес. Мәселе – оқырманды кітаппен қауыштыратын жолды табуда.
Еске салсақ, осыған дейін елде кітапханаларға келушілер саны 57 миллионға жеткені хабарланған.