«Технологияны коммерцияландыру» халықаралық форумы өтіп жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «Технологияны коммерцияландыру» халықаралық форумы өтуде. 4-5 қараша аралығында жалғасатын осынау шара елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Форумға қазақстандық компаниялар мен технологиялардың 49 жобасы қойылады. Бұлар «технологияларды коммерцияландыру» жобасы аясында қолдау тапқан өнімдер.
Форум мақсаты ғылым мен нарықтың байланысу амалдарын дамыту, қазақстандық және шет елдік инвесторлардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-құрылымдаулық жобаларға назарын салдыру.
«Бүгінгі форум 2008 жылдан бері қайта жөндеу және дамыту халықаралық банкі займы туралы келісім аясында өткізіліп отыр. Қазіргі күнде технологияларды коммерцияландыру маңызды бағыттардың бірі. Сонымен қатар ғылыми зерттеу ұйымдары, өнеркәсіп, өндірістік кәсіпорындар үшін технологиялық ұсыныстарды қалай тиімді жасау қажеттігі туралы тәжірибе бөлісу мемлекеттің бірегей технология жобаларын өндіріске енгізу бағытында белсенді жұмыс істеп жатқандығын көрсетеді,-деді форумға қатысушыларға сәттілік тілеген ҚР Премьер-министр орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова.
Аталған форумның гранттық бағдарламасының бірінші кезең нәтижесінде 710 млн теңге көлемінде 16 жоба іріктелді. Екінші кезең нәтижесі осы жылдың желтоқсан айының басында жария етілетін болады.
Бұл туралы бүгінгі өтіп жатқан форум барысында технологияны коммерцияландыру орталығының бас директоры Дамир Егізбаев мәлім етті.
«Технологияларды коммерцияландыру орталығының қызметі мен қолдауының арқасында Қазақстандағы кез-келген ғалым немесе жасампаз өзінің жобасын әрі қарай жүзеге асырып, бизнес өнімге айналдыру үшін грант алумүмкіндігіне ие бола алады. Орталық жаңа технологияларды жасаушыларға өнімдерінің нарыққа бейімдеп шығаруға көмектеседі. Ақшалай қаражаттан өзге орталық менеджерлері коммерцияландыру саласындағы халықаралық кеңесшілермен бірге арнайы оқу семинарларын өткізіп, кеңестер береді» деді ол.
Форум барысында АҚШ, Нидерланд, Сауд Арабиясы, Ресейден келген халықаралық сарапшылар инновация мен коммерцияландыру саласында жобаларды жасап, өз тәжірибелерімен бөлісуде. Сондай-ақ, аталған мемлекеттік жобасы аясында қолдау тапқан қазақстандық инноваторлар өз жұмыстарын таныстырып жатыр.