Тек бір жерде ғана шығарылатын, өзіндік тарихы бар өнім заңмен қорғалады

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан заңнамасына жаңа зияткерлік меншік объектісі енгізілді. Соның арқасында енді өндірушілер тек өз өңірінде ғана шығатын өнімді ұлттық бренд ретінде дамытуға мүмкіндік алады. Бұл туралы ҚР Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова айтты.

зияткерлік меншік
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

— Жақында Қазақстан заңнамасына жаңа «географиялық нұсқама» зияткерлік меншік объектісі енгізілді. Географиялық нұсқама ұзақ тарихы бар және шыққан жерімен, табиғаты және мәдениетімен тығыз байланысы бар ауылшаруашылық өнімдеріне, азық-түлікке, шараптарға және спирттік сусындарға, қолөнер және өнеркәсіптік өнімдерге сілтеме жасау үшін қолданылады. Оны тіркеу Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде өндірілетін тауарлардың ұлттық брендін дамытуға, сондай-ақ олардың әлемдік нарықта танымалдылығын, инвестициялық тартымдылығын арттыруға және туристік саланы дамытуға ықпал етеді, - деді ол. 

Вице-министрдің айтуынша, тіркеу санын ұлғайту және географиялық нұсқаманы көрсете отырып тіркеу бойынша бизнестің хабардарлығын арттыру мақсатында биыл облыстардың және Республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктерімен жұмыс жандандырылды. Жыл басында Түркістан қаласында «географиялық нұсқамаларды құқықтық қорғау және олардың ұлттық брендтерді ілгерілетудегі рөлі» тақырыбында семинар өтті.

— Ағымдағы жылдың наурыз-желтоқсан аралығында географиялық нұсқама мемлекеттік тізілімінде тіркелгендер саны 5-тен 38-ге дейін өсті және 140 өтінім Ұлттық зияткерлік меншік институтының қарауында. 

Жалпы, жаңа тіркеулердің қатарында Қазақстанда түйе сүтінен жасалған Арал сабыны, Қызылорда күріші, Талғар алмұрты, Нарынқол картоптары, Көкшетау балмұздақтары, Катонқарағай табиғи балы, Қарағанды бройлері, Отырар шұбаты, Қостанай балы, Сайрам наны, Алакөл балығы және басқалары бар, - деді Ботагөз Жақселекова.

Соңғы жаңалықтар