Текелі қаласының әкімі тағайындалды

АСТАНА. KAZINFORM — Президент Әкімшілігінің келісімімен және қалалық мәслихат депутаттарының қолдауымен Текелі қаласының әкімі болып 44 жастағы Айдос Бекетаев тағайындалды, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Айдос Бекетаев назначен акимом города Текели
Фото: Жетісу облысының әкімдігі

Бұған дейін ол Жетісу облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы қызметін атқарған. Жаңа әкімді Текелі қаласының активіне облыс басшысы Бейбіт Исабаев таныстырды.

Актив отырысында Бейбіт Исабаев Текелі қаласының әкімі қызметін 4 жыл атқарып, басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылған Алмас Әділге қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

Айдос Бекетаев назначен акимом города Текели
Фото: Жетісу облысының әкімдігі

— Өңір басшысы жаңа әкімге бірқатар міндет жүктеді. Атап айтқанда, әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылымды одан әрі дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және инвестиция тарту тапсырылды. Сонымен қатар туризмді дамыту бағытындағы жұмысты күшейтіп, іске асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобаларды сапалы аяқтау міндеттелді, — делінген хабарламада.

Атап өтсек, Айдос Бекетаев мемлекеттік органдарда 16 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын 2010 жылы бас маман қызметінен бастаған. Әр жылдары Алматы қаласы Түрксіб ауданы әкімі аппаратының абаттандыру бөлімінің бас маманы, коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы, аудан әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2023 жылғы қазан айынан бастап Жетісу облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы қызметін атқарды.

Осыдан бұрын Шыңғыс Әрінов Алматы облысының әкімі лауазымына тағайындалғанын жазғанбыз.