Текелі қаласында зілзаладан зардап шеккен нысандар қалпына келтірілуде
ТАЛДЫҚОРҒАН. Қыркүйектің 29-ы. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Кеше Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов ағымдағы жылғы маусымның 13-інен 14-іне қараған түні орын алған зілзаладан кейін қалпына келтірілген Текелі қаласында болды.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аймақ басшысының алғашқы атбасын бұрған жері «Қазцинк» АҚ энергетикалық кешені болды. Бұл нысан кеншілер қаласын жыл бойы жылумен қамтамасыз ете отырып, 1959 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Алдағы жылу беру маусымы қарсаңында энергетиктер желінің 300 метрін ауыстырды, жалпы ұзындығы 1500 метрлік жекелеген учаскелердегі оқшаулағыштарды алмастырды. Облыс басшысы жеті баллдық жерасты дүмпуіне төтеп берген ТЭЦ-2-нің бас корпусын қарап көрді және энергия кешенінің жұмысына қанағаттанатынын білдірді.
Одан кейін әкім мен бірқатар ведомстволар басшылары № 1 орта мектепте болды. 1948 жылы салынған осы ғимаратты сейсмикалық күшейтуге және күрделі жөндеуден өткізуге облыстық бюджеттен 180 млн теңге бөлінді.
Серік Үмбетов бұдан кейін Спорт сарайында болды. Мұндағы қалпына келтіру жұмыстарын «Шымыр» ЖШС жүргізді.
Облыс әкімі табиғат апатынан қираған үйлерді қалпына келтіруге мемлекеттік көмектер және бүлінген үйлердің орнына жаңа тұрғын үйлер алған отбасыларында болды. С.Үмбетовтың жұмыс сапары Текелі қаласындағы қалалық ауруханада болумен аяқталды.