«Текелідегі түйткілді кім шешеді?» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 3 қыркүйек. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 3 қыркүйек, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Текелідегі түйткілді кім шешеді?» - БАҚ-қа шолу

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, ҚР Ішкі істер министрлігі «өткен апта ішінде (19-25 тамыз аралығында) елімізде 547 жол-көлік оқиғасы болып, 108 адам көз жұмды, 719 адам түрлі жарақат алды», деп хабарлады. Жамбыл облысының «Алматы-Ташкент» тас жолында 10 адам­ның өмірін қиған ірі жол апаты болды. Екі «Ауди» автокөлігі соқтығысып, жолаушылардың барлығы көз жұмған. Тағы бір жантүршігерлік оқиға Қостанай облысының Амангелді ауданында орын алды. «Арқалық-Тор­ғай» автожолының 54-ші шақырымында «Фольксваген» көлігінің жүргізушісі жол жиегіне шығып кетіп, ішінде отырған 7 адам қаза болды. Апаттан тек 13 жасар бала ғана аман қал­­­­ған көрінеді. Ол қазір түрлі жа­рақаттарымен ауруханада жатыр. Дәл осы күні Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы «Чапаев-Жал­пақтал» автожолының 22-ші шақырымында УАЗ және ВАЗ маркалы автокөліктер соқтығысып, нәтижесінде 6 адам қаза тапқан. Шынында да, елімізде көлік апаты жиілей түсті. Бейбіт заманда мұншама адамның ажал құшуы алаңдатпай қоймайтын жайт. Полицейлер мұны «жүр­гізушілердің жол ережесін сақтамауынан» көрсе, мамандар «сапасыз жолдың да әсері бар» дейді. Бұл туралы басылымдағы «Неге? жол апатынан қаза тапқандардың саны өсіп барады» деген мақалада берілген.

Осы басылымның жазуынша, кеше Қайрат Мәмидің төра­ғалық етуімен Қазақстан Респуб­ликасы Парламенті Сена­ты­ның бюро отырысы болды. Бюрода палатаның биылғы 3 қыркүйекте бо­ла­тын отырысының күн тәртібіне ұсыныстар қаралды. Депутаттар Сенат Төрағасының орынба­са­рын, тұрақты комитеттердің құрамына Сенат депу­тат­тарын сайлау және Табиғатты пайдалану мен ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төра­ға­сын сайлау мәсе­лелерін талқылайтын болады.

Ұлттық заң шығару жүйесін қалып­тастыру мен жетілдіруге, сон­дай-ақ, парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан қомақты үлесі үшін бюро Оралбай Әбдікәрімов, Әділ Ахметов, Ғарифолла Есім, Болат Жылқышиев, Ғани Қасымов, Қайрат Нұрпейісов, Александр Судьин, Юрий Цхайды Парламент Сенатының Құрмет грамоталарымен марапаттады.

***

«Айқын» газетінде «Текелідегі түйткілді кім шешеді?» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Текелі қалалық прокуратурасы мүгедектердің заңды құқықтары мен мүдделерін қолдау мен қорғауға бағытталған заңнаманың кеншілер шаһарындағы «Мүгедектер мен қарттарға арналған Жалпы типтегі дәрігерлік-әлеуметтік мекеме» мемлекеттік мекемесіндегі қолданылуына қатысты тексеру жүргізу барысында көптеген заңсыздықтар мен кемшіліктердің бетін ашты. Әсіресе, мүгедектердің заңды мүдделерін қорғауға байланысты былық-шылық көп. Мәселен, бірінші топтағы мүгедек А.Амантайды оңалту жөніндегі дербес бағдарлама жасалмаған. Заңға сәйкес, дәрігерлік-әлеуметтік сараптама негізінде белгіленетін мүгедектікті оңалту оны оңалту жөнінде жасалған дербес бағдарламасы бойынша жүргізілуге тиісті. Сонымен бірге мекеме әкімшілігі қамқорлыққа алынғандардың мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылары мен зейнетақыларын төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан алынған зейнетақылық төлемдерді пайдалану туралы тоқсан сайынғы есептерді де тапсырмаған. Соған сай, мүгедектерге мемлекет тарапынан төленіп келген жәрдемақылар мен зейнетақылардың қайда, қалай жұмсалғаны белгісіз. Осылайша, дәрігерлік-әлеуметтік мекеме әкімшілігі заң талаптарын оңды-солды бұзулары арқылы мүгедектердің мүдделерін аяқасты етіп келген.

Осы басылымның жазуынша, Алматы облысы, Қарасай ауданындағы Мыңбаев ауылындағы Қазақ қой шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының филиалы - қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында «Қазақстан қой шаруашылығы мамандарының» І съезі өтті. Қой өсірушілердің тұңғыш съезі өткен Қазақ қой шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының филиалы - қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты базасына алыс-жақыннан ат арылтып келгендер арасында осы саланы жылдар бойы зерттеп жүрген ғалымдар мен қой өсіруді негізгі табыс көзіне айналдырған шаруа адамдары да болды. Солардың алдында бірінші болып сөз алған ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков алдағы кезден бастап саулық қойдың әр басы үшін 1500 теңгеден демеуқаржы төлеу мәселесі шешілгенін, таяу жылдары бұл қаржыны 2000 теңгеге жеткізу және ешкі өсіруді де демеуқаржымен қамтамасыз ету жолдары қарастырылатындығын айтып, шопан ата түлігінің жоғын түгендеп жүргендерді қуантып тастады. Бұл мақала «Саулыққа субсидия төлейді» атты тақырыппен басылды.

«Айқын» газетінде «Қайрат НҰРТАС: Ұйымдастыру жұмысы дұрыс болмады» деген тақырыппен мақала берілген. «Прайм-Плаза» сауда үйінің көліктұрағында орын алған тәртіпсіздікке байланысты жас әнші Қайрат Нұртас баспасөз мәслихатын өткізді. БАҚ өкілдері алдында сөз алған әнші ең алдымен:

- Кешегі оқиға мен үшін ауыр тиді. Біздің мемлекетіміз гүлденіп келе жатқанда, осындай түсінбеушілікке тап болғанымыз, бәріміз үшін ұят жағдай. Елдің ертеңі деп үміт күтіп отырған жастар сабыр сақтап, мемлекеттің іргесін берік ұстап, барлық уақытта бірге болғанымыз абзал. Мұндай мәселелерді әрқашан салмақтап, ақылмен шешейік. Сіздерді сабырға шақыруға келдім. Оның үстіне ғаламтор беттерінен, әлеуметтік желілерден мені қаралап жатқан пікірлерді оқып шықтым. Сол себептен, істің ақ-қарасын өз аузымнан жеткізсем деймін, - деді.
Қайраттың сөзіне қарағанда, ол «Прайм-Плаза» сауда үйі ұйымдастырған шараға қонақ ретінде шақырылған. Уәделескен уақыт бойынша кешкі сағат сегізден он бес минут өткенде межелі орыннан табылған. Алайда адамның көптігі сонша, сахнаға бес тәртіп сақшысы жан-жағынан қоршап отырып, әзер жеткізген.

***

«Алаш айнасы» газетінің «Ой-көкпар» айдарында «Мектептегі түрлі қорларға мүлдем тыйым салмайынша білім ордаларында заңсыз ақша жинауды тоқтата аламыз ба?» деген мәселе талқыға салынды.

Елімізде жаңа оқу жылы басталысымен талқыға түсетін өзекті мәселе -мектептегі ақша жинау «синдромы». Естеріңізде болса, нақ осы үрдісті тоқтату мақсатында Білім және ғылым министрлігі «Білім беру мекемелерінде заңсыз ақша жинауға тыйым салу» туралы арнайы бұйрық та шығарған болатын. Бірақ министрлік қанша жерден шара қолданса да, еліміздегі мектептерде ата-ананың қалтасын қақшып алу тыйылмай тұр. Естуімізше, қайсыбір мектептердегі қорға ақша жинаудың құны 10-15 мың теңгеден, тіпті одан да көп қаржыдан асып-жығылады. Сонда бір отбасында екі-үш баласы бірдей оқыса, ата-ана қандай әрекет жасауы керек?! Мектеп әрбір ақша сұраған сайын сол мектептің әкімшілігімен заң алдында арыздасып жатуға әрине ата-ананың жүйкесі шыдай бермейді. Ендеше, ақша жинауды тыю үшін алдымен мектептегі түрлі қорлардың жұмысын тоқтату қажет шығар?! Болмаса заңсыз ақша жинауды тоқтатудың басқа түрі бар ма?

Белгілі заңгер Дәурен Арын бұл мәселе бойынша «жоқ» деп жауап берсе, ал EDTECH-KZ халықаралық білім орталығының бас директоры Ғани БЕЙСЕМБАЕВ «ия» деп жауап қатып, білім ордаларында заңсыз ақша жинауды тоқтатудың нақты тетіктері барын айтты.

Ал осы басылымдағы «Алашты алаңдатқан сауал» айдарында «Жыл сайын қайталанатын мектеп оқулықтары жетіспеушілігін жоя алмаудың сыры неде?» деген сауалға бірнеше маманның пікірі алынды

Мәселен, математика оқулықтарының авторы - Төлеген ОСПАНОВ:

-«Мен 1986 жылдан бері оқулық шығару ісімен айналысып жүрмін. Сонда көзімнің жеткені еліміздегі баспаханаларда ешқандай кінә жоқ. Тапсырыс берілсе олар дер кезінде, керекті таралымды басып шығарады. Мәселен, биыл «Атамұра» баспасынан екінші сыныптың математика оқулықтарын шығардық. Уақтылы қаржы бөлініп, керекті таралым дер кезінде басылып, тиісті жерге мерзімінен бұрын тапсырылды. Бұл жерде басты мәселе құзырлы орындардың нақты бала санын есепке алмауында болып тұрған секілді. Еліміздегі барлық баланы тегін оқулықпен 100 пайыз қамту туралы осыдан бірнеше жыл бұрын айтылса да іс жүзінде тек аз қамтылған отбасылардың балалары ғана мектептегі тегін оқулықпен қамтылып, қалғандарына «базардан сатып алыңдар» дей салады. Әр облыс оқулықты басып шығаруға қаржы бөлу кезінде де тек аз қамтылған отбасылардың балаларын ғана есепке алады» деп ойын жеткізсе, «Алматыкітап» баспасының вице-президенті - Бүбіхан ШӘКИЕВА ойын былай түйді: - Мектеп табалдырығын жылына қай сыныпта қанша бала аттайтыны туралы мәліметті аудандық білім бөлімдері мен облыстық білім басқармалары есептеп, министрлікке беруі керек. Ал министрлік сол балалардың санына қарай бізге, яғни баспаларға тапсырыс беруі керек. Биыл, мәселен, 265 мыңдай бала еліміз бойынша 1 сыныптың табалдырығын аттаған. Егер осы мәліметті мамыр айында анықтап, бізге ертерек тапсырыс берсе, біз оқулықты да артығымен шығаратын едік. Ал бізге жергілікті білім басқармасы өздеріне сатып алуға ыңғайлап қана баланың санын береді. Біз сондай мөлшерде басып шығарамыз. Нәтижесінде, жыл сайын оқушыларға оқулық жетіспей жатады. Сондықтан бұл мәселемен Білім және ғылым министрлігі өздері айналысып, республика бойынша оқушы санын есептеп, соған лайықтап қаржы бөлуі керек деп ойлаймын.