Тексеру қорытындысы жарияланды: ақмолалық жеті тұрғынның улануына қымыз себеп болуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысының жеті тұрғыны ауруханаға жатқызылған мекеме иесіне қатысты әкімшілік шара қолданылып, тергеу материалдары Ерейментау аудандық полиция бөліміне жіберілді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Ақмола облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің хабарлауынша, биылғы жылдың 11 қазанында Ерейментау ауданының медициналық мекемелеріне қоғамдық тамақтану нысандарының біріне барғанр соң жедел ішек инфекциясының белгілері бар жеті адам көмекке жүгінген.
— Аталған факті бойынша Ерейментау аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары жергілікті атқарушы билік пен кәсіпкерлік өкілдерімен бірлесіп, эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізді. Тергеу аясында зертханалық зерттеулер жүргізіліп, азық-түлік сынамаларында оң қорытынды анықталды, — деп атап өтті ведомство.
Редакция сауалына жауап ретінде адамдардың улануына жарамдылық мерзімі өтіп, сақтау шарттары орындалмаған қымызды ішу себеп болған.
Қазіргі таңда зардап шеккендердің барлығының жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып отыр. Азаматтардың осыған ұқсас жаңа шағымдары тіркелген жоқ.
— Санитарлық талаптарды бұзған кәсіпкерлік субъектісіне қатысты заңда көзделген әкімшілік шаралар қолданылды. Бұдан басқа, аталған оқиға факті бойынша материалдар қылмыстық құқықбұзушылық белгілерінің бар-жоғын анықтау үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 304-бабы бойынша Ерейментау аудандық полиция бөліміне жолданды, — деп толықтырды ведомстводан.
Бұған дейін Ақмола облысындағы тойда жеті адам уланғанын хабарлаған болатынбыз.