Телеарналар күндіз де, түнде де хабарларды біркелкі көрсетуге мүдделі болады - Мәжіліс депутаты Ж. Сүлейменов

АСТАНА. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Дамыған демократиялық елдердің барлығында билік пен бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты мәселелер тек қана заңдармен реттелді. Олар бір жағынан бұқаралық ақпарат құралдарының еркіндігін қамтамасыз етсе, екінші жағынан адамдардың ақпарат алуына, өз ойлары мен көзқарастарын еркін білдіруіне кепілдік береді.
None
None
Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» қолданыстағы заңы 1999 жылғы 23 маусымда қабылданған. Содан бері оған көптеген өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Десек те, қоғамның экономикалық, әлеуметтік-саяси дамуының бүгінгі деңгейі бұқаралық ақпарат құралдары туралы ұлттық заңнаманы одан әрі жетілдіруді талап ететіні анық. Демократияның тағдыры, еліміздің болашағы бұқаралық ақпарат құралдарының қалай дамитынына тығыз байланысты. Міне, сондықтан да Елбасы сөз бостандығын ұдайы қолдап, бұқаралық ақпарат құралдары саласын одан әрі жетілдіруге ерекше назар аударып келеді. Қазақстан Парламенті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бұқаралық ақпарат құралдары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдап, ол Мемлекет басшысының қол қоюына жіберілді. Енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты заңнаманы одан әрі жетілдіре түседі. Бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистердің құқықтары мен бостандықтарының негіздерін айтарлықтай кеңейтіп, нығайтады. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі Палатада талқыланған кезде аталған заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобына жетекшілік жасаған Мәжіліс депутаты Жарасбай Сүлейменовке бірқатар сұрақтар қойған еді. Мамандығы журналист депутат көкейдегі ойларын ортаға салып, бірқатар түйткілді мәселелердің басын ашып берді. ? Жарасбай Қабдоллаұлы, осы аталған заңға енгізілген соңғы түзетулердің мән-мағынасын тереңірек ашып берсеңіз? ? Өткен жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Республикасы Парламентінің ІІ сессиясын ашарда бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңды ырықтандыру, ондағы шектен тыс бюрократтық шектеулерді алып тастау жөнінде өз пікірін білдірген болатын. Содан кейін Үкімет «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бұқаралық ақпарат құралдары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі. Ол заң жобасын Мәжіліске ұсынды. Мен жұмыс тобының жетекшісі болып бекітілдім. Заң жобасы Мәжілістің қабырғасында, салалық комитеттерде, арнайы құрылған жұмыс тобында жан-жақты талқыланды. Депутаттар негізінен Үкімет ұсынған өзгерістерді қолдады. ? Әріптестеріңіз тарапынан түскен ұсыныстар көп болды ма? ? Иә, заң жобасы бойынша Мәжіліс депутаттары өз ойларын білдіріп, ұсыныстарын берді. Жалпы, депутаттар тарапынан 30-дан астам толықтырулар келіп түсті. Олардың біразын талқылау барысында депутаттар кері қайтарып алды. 17 түзету бойынша депутаттардың толықтырулары енгізілді. Атап өтерлік жайт, заң жобасын талқылауға үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері де қатысты. Мысалы, Қазақстан Журналистер одағының, Қазақстан журналистері конгресінің, Халықаралық «Әділ сөз» қорының және Қазақстан телерадиохабарларын таратушыларының ұлттық қауымдастығының өкілдері бастан-аяқ қатысып, өз пікірлерін ашық айтып, көзқарастарын жеткізуге мүмкіндік алды, көп мәселелерге араласты. Олар да Үкімет ұсынған толықтыруларды қолдады. Көкейде жүрген бір жайт, жұрттың наразылығын тудырып жүрген мәселе бар. Ол бұрынғы қолданыстағы заңда «Мемлекеттік тілдегі бағдарламаны таратудың тәуліктік кестесін орналастыру телеарналарда хабарлар эфирге шығатын бүкіл кезең ішінде біркелкі жүзеге асырылуға тиіс» делінген болатын. Бірақ өкінішке қарай, осы бап орындалмай келді. Оны ел-жұрт жақсы біледі. Қазақ тіліндегі хабарлар көрермендер ұйықтап жатқанда түнімен көрсетілді. Оның өзінде концерттік нөмірлер түрінде беріліп жүрді. Әрине, талап мықты қойылса, бұл мәселені де ретке келтіруге болатын еді. Дегенмен, бұл жолы осы бап төңірегінде депутаттар көбірек ойланды. Көптеген пікірлер айтылды. Ақыры бұл бапқа өзгерістер енгізілді. Ол өзгеріс ? түнгі 12-ден кейінгі уақытта хабарларды алты сағаттық мерзім ішінде араластырып отыру. Бұл бұрынғыдай қазақ тілді хабарларды кейінге ысырып тастауға жол бермейді деген сөз. Яғни, бұрынғыдай меншік иелерінің немесе хабар дайындаушылардың белгілеуімен емес, ендігі жерде уақыт заңмен тең бөлінеді. ? Кейбір арналар күндіз өзге тілдегі хабарларды беріп, ал түнгі уақытта мемлекеттік тілдегі бағдарламаларды көрсетіп, заңның нормаларын осындай жолмен орындап келді емес пе? ? Енді ондай болмайды. Олай істесе, мемлекеттік тілдегі хабарлардың үлес салмағы кеміп қалады. Заң бойынша оған да жол берілмейді. Сондықтан телеарналар күндіз де, түнде де хабарларды біркелкі көрсетуге мүдделі болады. Бұл тұрғындардың талабын қанағаттандырған үлкен жетістік деп ойлаймын. ? Бірқатар әріптестеріңіз мемлекеттік тілдегі хабарлардың үлесін бүгінгі таңда 50 емес, 60-70 пайызға жеткізу керектігі жөнінде пікір білдірді. Ал өзге тілде хабар тыңдағысы келген адам кабельді телеарналар арқылы әлемнің көптеген елдерінің бағдарламаларын көре алатынын айтты. ? Осындай ұсыныстар айтылды. Қолданыстағы заңның өзінде 50:50 деген норманың өзі де жоқ. Ол тұста мемлекеттік тілдегі хабарлардың үлесі 50 пайыздан кем болмауы керек деген норма бар. Ол 60 та, 70 те, тіпті 80 пайыз да қамтылуы мүмкін. Оны өзіміз дұрыс түсінбей жүрміз. Соны дұрыс қолдана білуіміз қажет. Әлгіндей түнде көрсетуді ойлап таппай, бұқаралық ақпарат құралдарын басқарып отырған азаматтарымыз сол заңды басшылыққа алуы тиіс. ? Бұл заңға келіспейтіндер болуы мүмкін бе? ? Қолданыстағы заң орындалып келеді. Енді оған қосымша түзетулер енгізілді. Заң қабылданғаннан кейін, ол орындалуы керек. Кейде заң қабылданған соң, оның орындалу жағын қадағалау барысы өз деңгейінде болмай жатады. Жалпы, заңның орындалуын қадағалап отырса, өзінің оң нәтижесін береді. Мен бұл жолы енгізілген толықтырулар арқылы осы заң журналистерге қызмет етеді деп айтар едім. Сондай-ақ халықтың да толыққанды ақпарат алуына үлкен мүмкіндік туады. Азаматтарымыздың өз пікірлерін ашық білдіруіне қызмет етеді. Мұнда сондай мүмкіндіктер тұңғыш рет жасалып отыр. Бұрын журналист біреуді суретке түсірсе, немесе бейнетаспаға жазуы үшін рұқсат сұрауы керек еді. Қазір ондай шектеулер алынып тасталды. Сол секілді бұрын журналист даулы мәселелерге орай жауапқа тартылып жатса, өзі ақталып, өзінің кінәсіз екенін дәлелдеуі керек болатын. Қазір оны жауапқа тарту үшін арызданушы жақ оның кінәсін дәлелдеуі керек. Осындай көптеген ізгі жақсылықтар бар.? Заңның қамтылмай қалған басқа тұстары бар ма? Осы толықтыруларда енбей қалған қандай ұсыныстарыңыз бар? ? Әрине, өмірде қатып қалған заң жоқ. Елдің, қоғамның демократиялық дамуымен бірге барлық салалар сол екпінге ілесіп отыруы керек қой. Бұл заңға әлі де өзгерістер енгізуге болады. Қай кезде де уақыт өз түзетулерін ұсынады. Оған сөз жоқ. Бұл арада айтарым, мен бір бапқа ұсыныс беріп, өзгеріс енгіздім. Бір әттеген-айы, қазір бізде неше түрлі телеарналар бар. Кейбір арналар біздің болмысымызға, көзқарасымызға кереғар, ұлттық менталитетімізге, халықтық тәрбиемізге қарама-қайшы келетін хабарларды, фильмдерді көрсетіп жатады. Оның ішінде зорлық-зомбылықтар, атыс-шабыстар, алуан түрлі қатыгездіктер көрсетіледі. Негізінде Ата заңымыздың 20-бабында ондай адам жанына кері әсер ететін көрсетілімдерді эфирден беруге тыйым салынған. Біз БАҚ заңына енгізген түзетуімізді Конституцияның 20-бабына сәйкестендірдік. Яғни, зорлық-зомбылықты, қатыгездікті насихаттауға болмайтыны жөнінде өзгеріс енгіздік. Бұл депутаттар тарапынан қолдау тапты. Міне, осы сияқты көптеген өзгерістер енгізуге болады. Сонымен қатар, редакциялық сипаттағы толықтырулар енгізілді. Бұл жағынан да заң біршама жетілдірілді деп ойлаймын. ? Сенат өзгерістер енгізді ме? Сенат толықтыру енгізген жоқ. Сенат Мәжіліс депутаттарының ұсыныстарын толықтай мақұлдады. Қаңтардың 15-і күні Сенат заң жобасын екі оқылымда қабылдады, одан кейін Елбасының қол қоюына ұсынылды.
Соңғы жаңалықтар