Телефон мен әмиянды ұрлатпау үшін не істеу керек — полиция кеңесі
АСТАНА. KAZINFORM — Қалта ұрлығы — сырт көзге байқала бермейтін, бірақ санаулы секундта жасалатын қылмыс. Қаскөйге есікті бұзу, құлыпты ашу немесе ұзақ уақыт дайындалу міндетті емес, деп хабарлайды Абай облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ведомство атап өткендей, кейде оның мақсатына жетуі үшін қоғамдық көліктегі бір сәттік қарбалас, дүкендегі кезек немесе адамның телефонын сыртқы қалтасына салып қоюы жеткілікті.
— Көбіне қалта ұрылары адам көп шоғырланған жерлерді таңдайды. Қоғамдық көлік, аялдама, базар, сауда орындары, жаяу жүргіншілер көп жүретін көшелер — қаскөйлер үшін қолайлы орта. Мәселен, автобусқа мінген кезде жолаушылардың назары көбіне бос орынға, жол ақысына немесе телефонға ауып кетеді. Ал дәл осы сәтті қаскөй өз пайдасына пайдалануы мүмкін. Адамдардың бір-біріне тығыз орналасуы, көліктің қозғалысы, аялдамадағы қарбалас — мұның барлығы ұрлықты байқатпай жасауға мүмкіндік береді, — дейді тәртіп сақшылары.
Қылмыскер жәбірленушінің қалтасындағы телефонды немесе әмиянды байқатпай алып, келесі аялдамадан түсіп кетуі мүмкін. Ал жәбірленуші өзінің затынан айырылғанын бірнеше минуттан кейін ғана аңғарады.
Өзіңізді қорғаудың қарапайым жолдары
Абай облысы Полиция департаменті азаматтарға қоғамдық орындарда жеке заттарына мұқият болуды ескертеді:
- ұялы телефон мен әмиянды киімнің артқы немесе сыртқы қалталарында сақтамаңыз;
- ақша мен құжаттарды киімнің ішкі, қауіпсіз қалтасына салыңыз;
- қоғамдық көлікте сөмкені алдыңызда ұстаңыз;
- рюкзакты адам көп жерде арқаңызда емес, алдыңызда ұстаған дұрыс;
- сөмкеңізді қараусыз қалдырмаңыз;
- қымбат заттарды көзге түсетін жерде ұстамаңыз;
- бейтаныс адамның күмәнді әрекетіне назар аударыңыз;
- телефонмен сөйлесіп немесе әлеуметтік желіге алаңдап жүрген кезде жеке заттарыңызды бақылаусыз қалдырмаңыз.
Айта кетейік, Абай облысында жыл басынан бері 14 қалта ұрлығы тіркелді.
Осыған дейін Алматы әуежайында ұрлықтан кейін бақылауға алынбаған аумақтарға камера қойылғаны белгілі болды.