Темекі індеті осылай тарала берсе, Қазақстан таяу 15 жылда 2 миллион азаматынан айырылуы мүмкін - Е. Дошаев

АСТАНА. 10 қазан. ҚазАқпарат - Темекі індеті осылай тарала берсе, Қазақстан таяу 15 жылда 2 миллион азаматынан айырылуы мүмкін. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Ерген Дошаев  осылай мәлім етті.
None
None

«Халқымызда «Бірінші байлық - денсаулық» деген сөз бар. Алайда, қазіргі таңда осы басты байлығымызды тұншықтырып отырған бір дерт бар, ол - темекіге тәуелділік. Бұл қазіргі ғана емес, болашақ ұрпақтың да денсаулығына ерекше қауіп төндіретін қатер. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне қарағанда, бүгінгі күні жер бетіндегі халықтың 18 пайызы немесе бір миллиард адам темекіге тәуелді. Жыл сайын әлемде бес жарым миллионға жуық адам темекіге байланысты аурулардан көз жұмады. Мұндай қайғылы статистика Қазақстанда да кеңінен таралып отыр.  Халықтың 27 пайызы немесе еліміздің әрбір төртінші тұрғыны никотинге тәуелділіктен зардап шегуде. Әсіресе, жас балалардың темекі тартатыны көңілді алаңдатады. Олардың 12 пайызы - 11 жаста, ал 5 пайызы  9 жаста темекі тартуды бастаған. Жыл сайын осы қатерлі әдеттен жиырма бес мыңға жуық қазақстандық қайтыс болады», - дейді депутат Е. Дошаев.

Оның мәліметіне қарағанда, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есептеуі бойынша, темекі індеті осылай тарала беретін болса, Қазақстан таяу 15 жылда 2 миллион азаматынан айырылады. Ресми статистикаға жасалған талдау темекіден туындайтын аурулардың өршіп бара жатқанын көрсетеді. Мысалы, 1997 - 2009 жылдары жасөспірім балалар арасында тыныс алу органдары патологиясы 2 есе өскен. Жүрек-қан тамыр аурулары 2,2 есе көбейген. Ал өкпе қатерлі ісігі орта жастағы ер адамдардың қайтыс болуына басты себепкер болып отыр.

Осыған орай, депутат темекі таралымына қарсы экономикалық ықпал ету шарасын қолдануды сұрап, бұған сәйкес бұйымдарына акциз ставкасы мөлшерін арттыру керектігін алға тартады.

«Еуропа елдерінде бір сигарет қорабы құнындағы акциздің үлесі 80 пайызды құрайды. ТМД-ның кейбір елдерінде, атап айтқанда, Украинада акциз үлесі 30 пайызға жуық. Ресейде - 23 пайыздан астам, ал Беларусьта 20 пайызға жуықты құрайды. Қазақстанда, өкінішке орай, акциз үлесі бар-жоғы 13 пайыз. Басқаша айтқанда, елімізде сигарет сүт пен жемістен де арзан», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар