Темірбек Жүргеновтің ағайындарынан 2 адам ғана қуғын-сүргіннен аман қалды - қайраткердің қарындасы Ғалия Қуанова

АСТАНА. ҚазАқпарат - 31 мамыр - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы солақай саясаттың кесірінен миллиондаған адам зардап шекті. Соның ішінде қазақтың талай бетке ұстар азаматтары жазықсыз атылып кетті. Зобалаң жылдар құрбандарын еске алу күні мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтің қарындасы Ғалия Қуановамен сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.
None
None

- Ғалия апай, Темірбек Жүргеновпен сіз қай жағынан туысасыз?

- Мен Темірбек Қараұлының ең кіші інісі - Биназардың қызымын. Қара атамыздың балалары ішінде тек 2 адам - менің әкем мен әкемнің қарындасы Зағипа апа ғана аман қалған. Қалғаны 1937-38 жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің құрбанына айналды.

- Сонда әкеңіз репрессиядан қалай аман қалды?

- 1938 жылы әкем 18 жасқа енді толған екен. Темірбек көкем осындай алашапқын заманның боларын сезді ме екен, әйтеуір інісі Биназарды Алматыдағы интернатқа орналастырады. Интернатқа оқытқан жылдары оның фамилиясын Қуаң атамыздың атына жазғызыпты (Қуаң - Жүрген атамыздың әкесі). Онда да қазақша Қуанов демей, Куванов деп жазған. Ал әкем интернатты тәмамдаған соң институтта білім алады. Бұдан кейін Ұлы Отан соғысы басталып, майданға аттанған. Әкемнің мына бір әңгімесі әлі күнге есімде: "1943 жылдың аяғы, Қызыл Армия немістерді жеңе бастаған кез. Сол уақытта мені чекистер тауып алып, бір бөлмеге кіргізді. Чекистер Сәкен Сейфуллиннің, Ілияс Жансүгіровтің және басқа да "халық жауы" атанған зиялылардың суреттерін тізіп қойыпты. Соның ішінде Темірбек көкемнің де суреті бар екен. Көзіме оттай басылды. Тіпті, суретке қадалып қарап қалыппын. Суреттерді нұсқап: "Мына суреттердегі азаматтардың қайсысын танисың?" деп сұрағанда, мүдірместен: "Мынау менің Темірбек ағам ғой! Ол менің туған ағам!" - деп айқайлап жіберіппін. Міне, содан бастап мен де НКВД-ның қатаң бақылауында болдым", - дейтін марқұм әкем. Сөйтіп, осы аңду, тіміскілеу көкем ақталғанға шейін, яғни 60-шы жылдарға дейін жалғасыпты.

- Кәмпит әжеңіздің және Темірбек Жүргеновтің жұбайы Дәметай Ермекованың көзін көрдіңіз, тәрбиесінде болыпсыз. Ол кісілердің аузынан атаңыз бен көкеңіз туралы қандай естеліктер еститін едіңіз?

- Қара атамыз өте дәулетті кісі болған. Мыңғырған малының есебі жоқ. Өзеннен малын айдағанда су бөгеліп қалады екен. Жазда жайлауы Ақтөбенің Ырғыз ауданы болса, қыста Қызылорданың Қармақшы және Жалағаш аудандарын қоныс етіпті. Бірақ кәмпескелеу кезінде Темірбек көкемнің айтуымен бүкіл малын үкіметке өткізген. Сонда Қара атам: "Мен сені малымды түгел тартып алсын деп оқыттым ба?" - деп көкеме ренжіген көрінеді. Еш қарсылықсыз төрт түлігін үкіметке өткізсе де, 1937 жылы 90-ға келген қарияны жөн-жосықсыз, жазықсыздан жазықсыз өлім жазасына кесіп жіберді. Ал әйелдерін, балаларын, келіндерін, тіпті немерелеріне дейін Қарағандының Қарқаралы ауданына жаяу айдаған.

Әжем Кәмпит "Темірбек бала кезінде өте алғыр, зерек, шыншыл, білімге құштар болды" деп айтып отыратын. Ал Темірбек көкемнің зайыбы Дәметай анамның айтуы бойынша, ол өте мәдениетті, оқыған, білімді, дауыс көтеріп сөйлемейтін сабырлы, өте бауырмал болған. 1936 жылы қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеудегі онкүндігі өткен. Темірбек көкем қазақтың талантты ұл-қыздарын жинап, дайындап, оларды Мәскеуге алып барған. Бірде көкем сол жақта қонақүйге кіріп бара жатқанда жұпыны киінген қазақ жігіт келіп сәлем береді. Өзін таныстырып, Мәскеуде оқып жатқандығын айтады. Сонда көкем көмекшісін шақырып, "мына жігітке керек киімдерін алып бер" деп тапсырма беріпті. Ал әлгі жігіт: "Аға, маған киім керек емес, Италияның атақты әншісі келіп жатыр екен. Соған билет керек еді", - депті. Сөйтіп, көкемнің қамқорлығының арқасында ол концертке де кіріп, киім де алып, тамақ та ішіп, мәз болып қайтқан көрінеді. Бұл көкемнің қарапайымдылығы мен қамқорлығының көрінісі емес пе?!

Қара атамды "халық жауы" деп түрмеге жапқаннан кейін Кәмпит әжем қызы Зағипаны ертіп сонда барады. Ретін тауып атаммен жолығады. Сонда Қара атамыз: "Білегіңді сыбан, беліңді бекем бу! Тұяғыма ие бол! Төңкеріс заманның қырсығынан тұяқсыз қалмайын, бұл - ақырзаманның нышаны", - деп аманатын айтқан. Міне, біз сол атамыздан қалған тұяқтармыз.

- Дәмеш апаңыз қандай адам еді?

- Дәмеш анам тамаша адам еді ғой. Біз Темірбек көкемізді көре алмасақ та, оның бәйбішесі - Дәмеш анамызды көрдік, тәрбиесінде болдық. Барлығымыз ол кісіні "мама" дейтін едік. Туыстарымыздың балалары мектеп бітірген соң Дәмеш анамның қолында оқыды. Марқұм кеңпейілді, қолы ашық, мейірімді жан еді. Жылы жүзіне сүйсініп қарайтынбыз. Дәметай анамыздың үйіне жиі баратын едік, сонда Мәскеуге онкүндікке барған өнер майталмандарын көретінбіз. Оларға қызмет етіп, қолдарына су құйып, әңгімесін тыңдайтынбыз. Дәмеш анамыз көкемнің есімін жаңғыртамын, кейінгі ұрпаққа танытамын деп көп ізденді. Жан-жаққа хаттар жазатын. Сондай шаруаларына қолқанат болып, қызмет ететінбіз. "Темірбекпен жеті жыл отастым, одан кейінгі 8 жылым лагерьде өтті, қалған өмірімді жұбайымның жолына арнадым. Ол - соған лайық адам. Темірбек Жүргенов атындағы көше ашып, сондағы орындықта бес минут отырсам арманым жоқ", - дейтін Дәмеш анам.

- Сол арман бүгінде ақиқатқа айналды емес пе?..

- Иә, шүкір. Қазіргі таңда Темірбек Жүргеновтің есімін ұлықтап жатыр. Бұл күнге де жеттік. Кезінде Кеңес одағы тұсында көкемді санаулы ғана адамдар білетін. Сол қиын уақытта Дәмеш анамызға қолдау білдірген Мардан Байділдаев, Рамазан Сүлейменов, Тынышбек Дайрабай, Бекарыстан Мырзабай сынды зерттеушілерге алғысым шексіз. Сондай-ақ, бүгінде Жүргеновті дәріптеуде кешенді шаралар қабылдап жатқан Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевқа рахмет айтқым келеді.

- Дәмеш анаңыздың өкініші болыпты дегенді естіп едік. Осы жайында білуші ме едіңіз?

- Ол кісінің өкініші - қазақтың арыстай аяулы азаматының артында ұрпағының қалмағаны болды. Амал нешік, тағдырдың жазуы сол болар, бәлкім?! Алдымен жалғыз ұлы Шоратайдан айырылды. Бұдан кейін көкем бауырының баласы Жұманазарды атына жаздырып, бауырына басты. Бірақ оның да қызығын көре алмады. "Халық жауы" деген түртпекке шыдамай Жұманазар екінші дүниежүзілік соғысқа аттанып, содан оралмапты.

- Темірбек Жүргеновтің қарындасы болғасын, Сізге қандай да бір жауапкершілік жүгі сезілетін болар?

- Шыны керек, көзін көрмесем де, бала кезімнен Темірбек көкемнің өнегелі өмірін өнеге тұтып өстім. Көкем сияқты заңгер болғым келді. Сөйтіп, жоғары оқу орнына түсіп, заңгер мамандығында оқыдым. Өмірімді осы салаға арнап, еңбек еттім. Темірбек көкемнің атына кір келтірмей, әділ, таза, абыройлы болуды ойладым.

- Әсерлі әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Алмас Мұқашұлы

Соңғы жаңалықтар