Теміртауда алым-салық алды деген айыптаумен мектеп директоры сотталды
Сот оны қызмет лауазымын пайдалана отырып, алаяқтық жасағаны және қызмет өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танып, оған 2 жыл - сынақ мерзімімен үш жыл шартты жаза тағайындады, сондай-ақ оған 7 жыл бойына басшылық және педагогикалық қызметпен айналысуға тыйым салынып отыр.
Мектеп директорына қатысты қылмыстық істі заңсыз алым-салықтар туралы шағым-арыздар түскеннен кейін қаржы полициясы қозғаған болатын. Анықталғандай, ата-аналар ай сайын мектеп қорына 1200 теңгеден беріп отырған. Қаржы полициясы анықтағандай, 4 жыл бойы 2 миллион 411 мың 250 теңге жиналған, оның 1 миллион 682 мың теңгесін директор өзінің жеке мұқтаждығына жұмсаған.
«Айыпталушы өз кінәсін мойындамағанымен, фактілер басқаны көрсетіп отыр. Алдын ала тергеу барысында және сотта жария етілген соманың өзі әлі нақты емес. Себебі, директорға ақша өткізген оқушылардың нақты санын анықтау мүмкін болмай отыр. Ақша берген оқушылардың аты-жөндері жазылған журналдар тергеуге дейінгі тексеру кезінде жойып жіберілген. Бірақ қаржы полициясы ай сайынғы заңсыз алым-салық фактісін дәлелдейтін құжаттардың бір бөлігін тауып отыр», - деді сотта мемлекеттік айыптаушы ретінде сөз сөйлеген прокурор Галина Кердекаева.