Теміртауда әйел-адвокат тінту кезінде тергеушіні тістеп алды

Полицияның ақпаратына қарағанда, оқиға 4-ші қазан күні Теміртау қаласы прокурорының рұқсат етуімен адвокатты жеке тінту кезінде орын алды.
«Әйел адам пәтерге байланысты алаяқтық фактісі бойынша күдікті ретінде қылмыстық іс бойынша өтуде. Теміртау қаласының прокурорының рұқсат етуімен жеке тінту кезінде, ол қарсыласып, билік өкіліне қатысты күш қолданды. Адвокат жеке заттарын тексеруге беруден бас тартты және онымен қоймай, Теміртау қаласы ІІБ ТБ қылмыстарды тергеу жөніндегі бөлімшенің бастығына қарсы күш қолданды. Ол полицейдің қолын тістеп алды, сонымен қатар кеудесінен ұрып жіберді», - деп әңгімеледі облыстық ІІД баспасөз қызметінде.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 2-бөлімі 321-бабында қарастырылған қылмыс белгілері «Билік өкіліне қарсы күш қолдану» тармағымен қылмыстық іс қозғалды.
«Сот ғимаратының жанында адвокат дауыс көтеріп, полицейлерді балағаттады», - деп жалғастырды облыстық ІІД баспасөз қызметінде.
Баспасөз қызметінде хабарланғандай, 2013 жылдың ақпан айында Теміртау қаласының прокуратурасына 58 жастағы жергілікті тұрғыннан өлген ата-анасының пәтерін заңсыз жолмен иеленіп алуға тырысқан адамдарға қатысты шара қолдану туралы арыз келіп түсті. Аталған арыз бойынша ҚР ҚК 177-бабы «Алаяқтық» бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Тергеу барысында іске адвокат болып жұмыс істейтін 40 жастағы әйелдің қатысы бар екені анықталды. Қазіргі уақытта күдікті ұсталып, Теміртау қаласы ІІБ уақытша қамау изоляторына тоғытылды. Жылжымайтын мүлікке қатысты алаяқтық фактілері бойынша Теміртау қаласы ІІБ өндірісінде тағы төрт қылмыстық іс жатыр, олардың үшеуін қалалық прокуратура қозғаған. Ұсталған адвокаттың тергеліп жатқан қылмыстарды жасауға қатысты деп ойлауға негіздемелер бар», - деп атап айтты облыстық ІІД баспасөз қызметінде.