Теміртауда кісі өлтіру фактісін анықтамаған 3 полицей жұмыстан қуылды

ҚАРАҒАНДЫ. 10 қаңтар. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының Теміртау қаласында оқиға орнында кісі өлтіру оқиғасын анықтамаған 3 полиция қызметкері ішкі істер органдарынан жұмыстан қуылды. Олар зейнеткер инсульттан көз жұмды деген болжам жасаған.

Теміртауда кісі өлтіру фактісін анықтамаған 3 полицей жұмыстан қуылды

Бұл туралы облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен хабарланды.

«Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобының құрамына кірген Теміртау қаласы ІІБ полиция бөлімшесінің 3 қызметкері ішкі істер органдарынан қуылды. Онымен бірге полиция бөлімшесінің басшылығы тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - деп хабарланды Қарағанды облысы ІІД-нің баспасөз қызметінен.

Оларды жұмыстан шығару жөнінде бұйрық қызметтеріне деген селқостығы анықталғаннан кейін қабылданды.

Жан түршіктірер оқиға Теміртау қаласында желтоқсан айының соңында орын алған. Өлім құшқан 80 жастағы зейнеткерді пәтерде оның сіңлісі тауып алған. Ол полиция шақырған. Оқиға орнына жеткен полицейлер күштеп өлтіру белгілерін байқамай, егде жастағы әйелді инсульттан көз жұмды деген шешімге келген. Марқұм болған әйелдің туыстары сот-медицицналық сараптама жасаудан бас тартқан. Жерлеу рәсімі 3 қаңтарға белгіленген, бірақ оны кейінге қалдыруға тура келді. Арнайы жерлеу агенттігінің қызметкері мәйітті дайындау барысында марқұм болған әйелдің кеудесінен сабы сынып қалған пышақты байқаған. Оның денесінен тағы да екі пышақ жарақаты табылған.

Бұл туралы тез арада полицияға хабарланған. Осыдан кейін әйелдің денесі сот-медицина сараптамасына жөнелтілді.

Кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.