Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Теміртауда мас жүргізуші жол полициясының көлігімен соқтығысып қалды, полиция қызметкері қаза тапты

ҚАРАҒАНДЫ. 6 ақпан. ҚазАқпарат /Ольга Петренко/ - Қарағанды облысының Теміртау қаласында «Лексус» маркалы көліктің жүргізушісі жол полициясының көлігімен соқтығысты. Апаттың салдарынан 25 жасар полиция қызметкері қаза тапты. Бұл туралы бүгін облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлады.

Теміртауда мас жүргізуші жол полициясының көлігімен соқтығысып қалды, полиция қызметкері қаза тапты

Ведомствоның берген ақпаратына сәйкес, жол-көлік апаты 5 ақпанда түнгі сағат 3.00-де орын алған. «Оқиға Теміртау қаласында Республика даңғылында орналасқан «Шығыс» паркіне қарама-қарсы жерде болған. Мас күйінде «Лексус ЕS-350» маркалы көлікті жүргізіп келе жатқан 33 жастағы жүргізуші жылдамдық режимін сақтамай, Теміртау қаласы ЖКБ инспекторы мінген ВАЗ-2110 көлігімен соқтығысты. Апаттың салдарынан арнайы көліктің жолаушысы, Теміртау қаласы ІІБ патрульді полиция батальонының 25 жасар қызметкері қаза тапты. Ол ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмды», - деп хабарлады облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі.

 Арнайы  көліктің жүргізушісі Теміртау қаласы ауруханасының реанимациялық бөліміне жеткізілді.

«Қызметкерлер қызметтік міндетін атқару үстінде болған», - деп атап өтті ведомство.

Жол-көлік апаты бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүріп жатыр. «Лексус  ЕS-350» маркалы көліктің жүргізушісі уақытша ұстау режиміндегі абақтыға қамалды.