Теміржан Базарбаевтай композитор аз - Нұрғиса Тілендиев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әсерлі де сұлу ән қашанда тыңдаушының жүрегіне нұр шашып, әсемдік әлеміне жетелейді. Жаны жүдегенде де, қуана шаттанғанда да тыңдаушының іздейтіні - сұлу ән.
Өміршең өнерде сағыныш пен тәтті мұң бірдей сезіледі. Ана әлдиімен бойға сіңген әуен ырғағы адам баласының көңіл-күйін реттеп, алдағы күнге үмітпен қарауға септігін тигізеді.
Біздің балалық шағымыз өткен ауыл өмірінің қимас шақтарын, кіндік қанымыз тамған қасиетті топырақтың ерекшелігін әнге қосып, аңсау мен сағынышты арқау еткен ағаларымыздың бірі - композитор Теміржан Базарбаев.
Ән қандай, әнші қандай демекші, Жабайыл Бейсеновтың өлеңіне жазылған «Ауылым» әні жетпісінші жылдары әуе толқыны арқылы насихатталып, тыңдаушының сүйіп айтатын әніне айналды. Той-думанда шырқалатын бұл ән жүректерге жол тауып, сезім қылын шертетін, қиял жетегіне ертетін.
Жұмыр басты пенденің жер бетіне келгендегі тағдыры әрқилы болып келеді. Біреулер бақытты өмір сүрсе, ал кейбір адам тағдыр талқысына түсіп, өмір соқпағынан қинала өтіп, сара жолға түседі.
Теміржан Базарбаев 1935 жылы бұрынғы Талдықорған облысы Алакөл ауданына қарасты «Жалғызағаш» ауылында дәрігер отбасында дүниеге келді. Ата-анасынан жетім қалып, тағдырдың бір жасынан дайындаған сыйын көріп, көп қиналған бала өмір толқынында шынықты, шыңдалды. Ендігі әңгіменің кезегі сазгер Аймұхамбет Бейсембековте. Ол өнер адамы жайлы былайша ой қозғайды:
«Теміржан Базарбаев қазақ өнеріндегі үлкен тұлға. Ол, әсіресе, қазақтың музыка педагогикасында 1961 жылдан бері музыка колледжінде ұстаздық етті. Ол композитор Құдыс Қожамияровтың шәкірті еді.
Қарабұлақтағы балалар үйінде тәрбиеленген кезінде ат-арбамен Нұрғиса Тілендиев пен Бекен Жылысбаев келіп, дарынды балаларды тыңдайды. Біріне өлең, екіншісіне ән айтқызып көреді. Содан үш баланы таңдап алып, арбамен алып кетеді. Жолда бір дөңнен асқанда балалар қашайық деп ақылдасады. Екеуі қашып үлгереді. Теміржанды Нұрғиса ұстап алады. Лепсіден болашақ композитор Еркеғали Рахмадиевті арбаға салып алып, Нұрағаң мен Бекең Алматыға келеді.
Теміржан музыка мектебінде вольторен аспабында ойнайды. Ұстаздары жоғары сыныпта оқып жүргенде ән жазатын қабілетін байқап, баули бастайды. Мектеп бітірген соң Теміржан консерваторияға Құддыс Қожамияровтың сыныбына оқуға түседі. Кейін жолдамамен Семейге барады.
Теміржанның үлкен туындыларының бірі - «Қалың елім» деген симфониялық оркестрге, жеке хорға арналған шығармасы, бұл сәтті туған дүние. Сондай-ақ дипломдық жұмыс ретінде екі симфония жазған. Оның балаларға арналған «Жыл мезгілдері» деген циклдері, 200-ге жуық әндері бар.
Ән жазу үшін аккомпонимент, теория, гармонияны, контрапункты жақсы білу керек. Мен соны Темкеңнен көп үйрендім»-дейді сазгер.
Міне, жақсыдан шарапат» дегендей, халқымыздың аяулы ұлдары Нұрғиса мен Бекен ағасының қамқорлығын көрген Теміржан алғаш музыкалық білімді Алматыдағы Күләш Байсейітова атындағы музыка мектебінен алса, кейін Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияға түсіп, профессор Құддыс Қожамияровтың композиция класы бойынша бітіріп шығады. Консерваторияны аяқтағаннан кейін Семейдегі Мұқан Төлебаев атындағы музыка училищесінде теория бөлімінің меңгерушісі әрі аға оқытушысы болып, ұзақ жыл бойы жемісті еңбек етеді. Тумысынан аз сөйлеп, көп тыңдайтын Темкең осы бір ұстаздық еңбекті жанындай жақсы көріп, ауылдан келген дарынды жастарды өнерге баулып, қажырлы еңбектен нәтиже шығара білді. Қазірде өнер сахнасының майталманы атанған Тұрсынғазы Рахимовтың сазгерлік жолға түсуіне ағалық қамқорлығын көрсеткен де Теміржан Базарбаев еді. Кешегі сал-серілердей музыканың қағидаларына көп бағына бермейтін даланың ерке әншісі Теміржаннан ән шығарудың қыр-сырын көп үйреніп, ғибрат алады.
- Маған Темкең ән шығарып отырғанда ғана емес, әңгімелескенде де, тіпті көшеде аяңдап бара жатқанда да көкірегін ән билеп, жүрегі күмбір қағып бара жатқандай боп көрінетін. Өңіне дұрыстап қарасаң, саған күлімдей амандасқанда жанарынан ән төгіліп кете жаздайтын. Темкеңнің бойын билеген алланың берген дарын ғой - деп Тұрсынғазы сөзін жалғастырды:
- Теміржан Базарбаев менің ұлағатты ұстазым, жиырма жыл жанында жүрдім. Мыңжасар Маңғытаев екеуі жолдас болды. Темкеңнің білімі мұхит, ол жайлы композитор Нұрғиса Тілендиев «мұндай композитор аз» деп айтып кеткен, өнерін мойындаған. Ол кісінің әндерінің бәрі Шәкәріммен, Абаймен үндес, өнері ұштасып жатады»
Осынау тамылжыған «Ауылым» әні ауыл көрінісін, қимас шақтарды еске түсіріп, жаныңды жадыратып, қуаныш сезіміне бөлейді. Қадыр Мырзалиевтың өлеңіне жазылған бұл ән халықтық үні бар әуенге бай, даладай дархан әндеріміздің бірі.
Теміржан Базарбаев оншақты жыл Семейдегі Қазақстан Композиторлары одағы бөлімшесінің төрағасы болып қызмет етті. Сол өлкедегі сазгерлердің басын қосып, ақыл-кеңесін берді, өнер ұйтқысы бола білді.
Композитордың жанрлық диапозоны өте кең. Атап айтқанда, симфония мен опера, кантата мен симфониялық поэмалар, камералы-аспапты, вокальды - хор шығармалары, әндер мен романстар, сондай-ақ балалар мен драмалық спектакльге арналған музыкалық спектакльдер. Сазгердің шығармаларында туған өлкенің әсемдігі мен халқының тарихы сияқты тақырыптар басты орын алған. Сондай-ақ соғыс пен бейбітшілік тақырыбы да ауқымды қамтылған.
Ұрпақ тағдыры жайлы жазылған Сәкен Жүнісовтің «Жаралы гүлдер» спектакліне музыка жазған Теміржан бұл шығармасын өз тағдырымен сабақтастыра жазып, сонау бір жылдары соғыстан қайтпаған әкесін аңсаумен еске алады.
Теміржан Базарбаевтың шығармаларында Абай өмірінің маңызы зор. Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Төкен Ибрагимовтың либереттосына «Жас Абай» операсын жазып, ұлы тойда көпшілікке орындағанда тыңдаушы тәнті болып, композитордың дарындылығын мойындаған. Ал Абай өлеңіне жазылған романстардың өзі әуендік үйлесімі ақын әндерімен сабақтас.
Композитор Теміржан Базарбаевтың симфониялық оркестрге арнап жазған «Тор жорға» атты шығармасы, «Мерекелік увертюрасы», «Жыл мезгілі» атты тақырыпта жазылған циклы, «Ботагөз» атты симфониясы дарын иесінің қаламынан туған сәтті туындылар.
Теміржан Қадыр Мырзалиев, Жабайыл Бейсенов, Жұбан Модағалиев, Қасым Аманжолов, Бәкір Тәжібаев, Тұманбай Молдағалиев, Серік Тұрғынбеков және Тұрсынай Оразбаеваның өлеңдеріне ән шығарды. Солардың ішінде көпшілікке танымал «Ауылым», «Тамаша», «Қаздар қайтқанда», «Студенттік кештер» әндері қай қазақтың болсын жанын тербеп, даланың самал желіндей желпіп, жүрек түкпіріндегі асыл сезімдерін оятатыны сөзсіз.
Қазақ радиосының алтын қорында сақталған елу шақты шығармаларының көпшілігін семейлік әнші Дауыл Хайруллин орындаған екен. Дауылдың орындауындағы «Шалқыма», «Қалай жүрсің сағынбай», «Есіңде бар ма жас күнің», «Жаңа жерлер, жасыл көлдер» әндері өз кезінде автордың ойынан шыққан шығармалар.
Киелі өнер жолына түсіп, қажырлы еңбек етіп, нәтиже шығарған бабалар үнін ұрпаққа жеткізген тума дарын иесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Теміржан Базарбаевтың қамшының сабындай қысқа ғұмырындағы өткен өмір соқпағы өміршең өнерге сара жол ашты. Зерттеуді қажет ететін Теміржан шығармаларының алтындай жарқырап халқына жетер шағы әлі алда. Тек артында еңбегін зерттеп, халқына жеткізер жоқтаушысы болғай!
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Алтын Иманбаева