Теміржол көлігін дамыту бағдарламасы аясында осы сала 100 пайыз Қазақстанда жасалған жылжымалы құраммен қамтамасыз етіледі - А. Мамин

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бағдарламаны жүзеге асыру аясында еліміздегі теміржол, машина жасау өндірісінің өнімдерінің көлемін 30 есеге ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл бізге теміржол саласын 100 пайыз Қазақстанда жасалған жылжымалы құраммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Оларды сыртқы нарыққа экспорттауға да болады», деді алқа мәжілісінде А. Мамин.
Оның айтуынша, Қазақстанда теміржол көлігі машинасын шығару өндірісіне қажетті құрал- жабдықтар 70 пайызға дейін қамтылатын болса, онда Қазақстанда өндірілетін қосалқы бөлшектердің номенклатурасы 22 пайыздан 50 пайызға дейін ұлғаяды. Сол арқылы 25 мың жұмыс орны құрылады. Оның сөзіне қарағанда, үдетілген индустриялық-инновациялық даму саясатын жүзеге асыру мақсатында жоғарыдағы бағдарлама аясында Қазақстанда тепловоз, электровоз, жүк және жолаушылар вагондарын, рельс, шпал, белгі беру және байланыс қызметінің техникалық құралдарын, электрмен жабдықтау құрылғыларын шығару қарастырылған. «Аталмыш өндіріс орындары теміржол техникасы мен құрал-жабдықтарын шығаратын әлемдік жетекші кәсіпорындардың трансферті есебінен қазақстандық өнім өндірушілердің қатысуымен ел аумағында құрастырылатын болады», деді ол.