Теміржол тарифі көтерілді, енді соған сай қызмет сапасы да күшейтілсе игі

материалдардың қымбаттауына байланысты болып отыр. Оның үстіне елде кейбір саладағы мамандардың айлық жалақылары да артуда. Ал теміржол саласы мемлекетте болып жатқан осындай өзгерістерге қарамастан, шығынға батумен келеді. Сондықтан теміржол саласының өкілдері тығырықтан шығудың жалғыз жолы осы деп тауыпты. Сөйтіп, өздерінің шығындарын қалай толтырамыз деген мәселеге жыл бойы бас қатырып келген акционерлік қоғам өкілдері жол жүру бағасын өсіру керек деген шешімге келіп, оны Табиғи монополияларды реттеу агенттігіне ұсынған. Ал агенттік оның шығындарын сараптай келе бұл ұсынысты мақұлдаған.
Вице президенттің сөзіне сенсек, теміржол саласындағы жолаушыларды тасымалдау тарифтері 2007 жылдың ақпан айынан бері мүлдем өзгермеген. Ал инфляция болса, осы уақытқа дейін 30 пайызға өсіп, акционерлік қоғамның шығындары да едәуір артқан. Осыған байланысты теміржолдағы жол жүру тарифін көтеру қажеттілігі туындаған. Ал жаңа тарифтен қарапайым жолаушылардың қалталары қаншалықты жұқара түспек? Акционерлік қоғам вице-президентінің айтуынша, тариф қанша көтерілді дегенімен, оның қарапайым жолаушылардың қалталарына түсірер салмағы соншалықты ауыр емес. Мысалы елімізде жолаушылар ең көп тасымалданатын Алматы-Астана бағытындағы купелік вагондардың бағасына небәрі 400 теңге көлеміндегі қаржы қосылса, Астана - Ақтөбе бағытындағы жол шығыны 600 теңгеге өспек. «Көршілес мемлекеттермен, тіпті ТМД-ға мүше елдермен салыстырғанда, біздің ішкі бағыттағы тарифтеріміз 2-2,5 есеге төмен. Темір жол көліктерінің купелік вагондарымен 500 километр жолға сіз небәрі 1 мың 700 теңге төлейсіз. Ресеймен салыстырғанда бұл көрсеткіш тіпті 4 еседен артық төмен», деді Б.Қапияшева.
Оның сөзінше, жол жүру тарифтерін арттыру темір жолдағы шығынды жабудың жалғыз ғана жолы емес. Өйткені «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының өкілдері өткен жылдағыдай биылғы жылы да өздерінің ішкі қажеттіліктеріне қатысты шығындарды қысқарту шараларын қолға алып отыр. Мысалы акционерлік қоғам өкілдері өткен жылы менеджмент саласы қызметкерлерінің жалақыларын 10-нан 30 пайызға дейін қысқартқан. Сондай-ақ вагон жөндеу кәсіпорындарымен де тиісті жұмыстар жүргізілуде. Тауарларды жеткізу мен олардың сапасына және қызмет көрсету шараларына да бақылау қатайтылған. Бұл бағыттағы шаралар әрине жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасы мен жолдағы қозғалыс қауіпсіздігіне нұқсан келтірмейтіндей етіп жүзеге асырылуда.
Вице-президент ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесу барысында оларды жол жүру тарифтерінің биылғы жылы екінші қайтара көтерілмейтіндігіне сендірді. Бірақ бұл бағаның алдағы жылдары да тұрақтап тұратындығына кепілдік бере алмайды. Себебі олар да өзге өнім өндірушілер сияқты қажетті шикізатты жеткізіп берушілердің іс-қимылына қарай әрекет етеді. Сондықтан жол тарифтері алдағы жылдары да осы қалпын сақтап тұрады деп кесіп айту қиын. Ал алдында атап өткен жолаушыларды тасымалдау шараларының шығыны тарифті көтерумен де бітпейтін көрінеді. Өйткені бұл сала әзірге тек шығынмен ғана жұмыс істеп тұр. Әрине акционерлік қоғам өкілдері шығынды барынша болдырмауға тырысып бағуда. Дегенмен бұл саланы мүлдем шығынсыз атқару тәжірибесі әзірге әлемнің бір-екі елінде ғана бар. Олар Жапония мен Нидерланды мемлекеттері. Вице-президент тіпті өздері басқарып отырған ұжымның биылғы жылдың соңында қаншалықты шығынға батқандығын да көрсетіп берді. Оның мәліметтеріне қарағанда, акционерлік қоғам 2009 жылы 4 миллиардтан астам шығын көрген. Соған қарамастан теміржол саласы жолаушылар ең көп қолданатын көлік түрлерінің бірі болып қалып отыр. Бұған тіпті жолда жүру бағасының 10 пайызға көтеру шарасы да әсер ете қоймайтын көрінеді.
Бұл мәселеге қатысты мысал келтірген Б.Қапияшеваның мәліметтеріне сүйенсек, елімізде осы уақытта автокөліктердің көмегімен жету мүмкін емес аймақтар да бар. Ал теміржолдағы жолаушылар пойызының вагондары халықтың белсенділігі төмен деген қыс мезгілінің өзінде 65 пайызға қамтылады, ал жаз мезгілінде бұл көрсеткіш 90 пайыздан асып жығылатын көрінеді. Сондықтан тарифтің қымбаттауымен жолаушылар пойыздан автокөліктерге ауыса бастайды деу қисынға келмейді. Бұған тағы бір мысал, бүгінде Астана-Қарағанды бағытына жүретін жеңіл көліктердің бағасы әдеттегі күндері 600 теңге болса, демалыс күндері 700 теңгеге көтеріледі. Мереке күндері ол 1 мың 200 теңгеге дейін өседі. Ал теміржол арқылы Астанадан Қарағандыға бүгін 560 теңгеге жетуге болатын болса, жаңа тариф бойынша, жол құны әрі кетсе 620 теңге болады. Яғни темір жол әлі де болса, өзге көліктермен бәсекелесе алады. Оның үстіне қазір жолаушыларды тасымалдаудағы қажетті жағдайлар да жасалуда. «Айталық, біз көпшілік қауымды билет кассаларының алдында телміріп кезегін күтіп тұрмауы үшін электрондық кезек жүйесін іске қостық. Аталмыш жүйе арнайы құрылғының көмегімен жүзеге асады. Мұндай құрылғы Астанада бар. Алдағы уақытта біз оларды елдегі ең ірі деген вокзалдардың барлығына орнатуды көздеп отырмыз. Бұған қоса тағы жолаушыларға қызмет көрсететін жолсеріктермен де жұмыстар жетілдірілуде. Өйткені теміржолдағы көрсетілетін қызметтердің басым бөлігі осы жолсеріктердің іс-қимылына байланысты. Қазір біз жолсеріктерді арнайы байқау арқылы алатын болдық. Олардың қызметіне деген бақылау да күшейтілді. Жолсеріктердің айлық жалақыларын өткен жылы айтарлықтай көтердік. Жалақыны көтеру мәселесін әлі де қарастырудамыз. Әрине, бұл ретте жалақы бүгін-ертең пәленше пайызға артады деу орынсыз болар, дегенмен бұл мәселе ұдайы біздің назарымызда», деді вице-президент.
Сөйтіп, жолушыларымыз енді теміржол тасымалына бұрынғыдан сәл-пәл артық ақша төлейтін болды. Қосымша қаржы акционерлік қоғам өкілдері айтып отырғандай, соншалықты зор болмаса да оның қарапайым халыққа біршама қиындық тудыратыны сөзсіз. Дегенмен қолданылған шара уақыт талабы болса, құп деуге тура келеді. Өйткені нарық ешкімнің де еркелігін көтермейді. Тек тариф көтеру мәселесі жылда қайталанатын «дәстүрге» айналмаса болғаны.