Темір кенінен алтынға дейін: Қостанай облысында қандай қазба байлықтар бар
АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай облысында темір кені мың жылға, ал боксит қоры жарты ғасырдан астам уақытқа жетеді. Өңірдің минералды-шикізат әлеуеті туралы агенттік тілшісіне Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінен хабарлады.
7 алтын кен орны игерілуде
Министрліктің мәліметінше, Қостанай облысы – елдегі жетекші минералды-шикізат аймақтарының бірі. Мұнда Қазақстандағы ең ірі темір кені орындары шоғырланған (Сарбай, Соколов, Қашар, Лисаков кен орындары).
Сонымен қатар, аймақ боксит өндіру орталығы болып саналады (Батыс, Орталық және Шығыс Торғай аудандары).
— Мұнда никель мен кобальт рудалары, алтын, көмір, асбест, құрылыс материалдары, саз, әктас және шыны құмы өндіріледі. 7 алтын кен орны игерілуде, тағы 9 перспективалы учаскеде барлау жұмыстары жүргізілуде, — делінген министрліктің ресми жауабында.
Өңір жер асты суына да бай: тәулігіне 1 млн текше метрден асатын қоры бар 386 жер асты су кен орны есепке алынған. Бұл қазіргі және болашақтағы қажеттілікті толық қамтамасыз етеді.
Жерасты байлығы неше жылға жетеді?
Соңғы деректерге сәйкес, темір кені қоры — 22,7 млрд тонна (шамамен 1000 жылға жетеді). Боксит қоры — 267,42 млн тонна (65 жылға жеткілікті).
Басқа металдарға келсек: алтын қоры — 180,6 тонна (2023 жылы 4,3 тонна өндірілген), никель — 1,07 млн тонна, кобальт — 143,9 мың тонна, күміс — 95 тонна.
Сонымен қатар мыс, вольфрам және молибденнің шағын қоры бар. Көмір қоры — 7,5 млрд тонна.
2024 жылы басталған геологиялық картографиялау жұмыстары (ауқымы 20,8 мың шаршы шақырым) 2026 жылы аяқталмақ. Мақсат — жаңа рудалы аймақтарды, түсті, сирек және бағалы металдардың, сондай-ақ көмірдің перспективалы учаскелерін анықтау.
2026 жылы Солтүстік Торғай шөгінді бассейнінде көмірсутектердің әлеуетін бағалау үшін 3D-сейсмикалық барлау жұмыстары жоспарланған.
Инвестиция құюдың тәртібі қандай?
ҚР «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексіне сәйкес, салада «бірінші келген — бірінші алады» қағидаты қолданылады. Бұл әкімшілік кедергілерді азайтады. Барлық лицензиялау рәсімдері толық цифрландырылған және Minerals.e-qazyna.kz платформасы арқылы жүргізіледі.
Министрліктің мәліметінше, Қостанай облысында барлауға — 113, өндіруге — 17 лицензия берілген. Бос учаскелер бойынша электронды аукцион өткізу жоспарлануда.
Инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін салықтық жеңілдіктер қарастырылуы мүмкін.
Перспективалы шикізат түрлері
Әлемдік металлургия мен аккумулятор өндірісінде үлкен сұранысқа ие никель мен кобальт кен орындарына ерекше көңіл бөлінуде.
Қостанай облысы алтын өндіретін маңызды өңір болып қала береді (жұмыс істеп тұрған 7 және барлау кезеңіндегі 9 кен орны).
Өңір өнеркәсібінің негізін темір кені мен боксит құрайды. Оларды тиімді пайдалану үшін 2027 жылға дейін геологиялық барлау ауқымын кеңейту, жаңа кен орындарын игеру және өндіру тиімділігін арттыру шаралары жоспарланған.
Айта кетейік, елімізде 97,8 тонна алтын қоры бар жаңа 5 кен орны есепке қойылды.