Темірі мен мырышы көп: Қазақстандық тауық тұқымы несімен ерекше

АСТАНА. KAZINFORM — Талдықорғандық студенттер тағамдық құндылығы жоғары әрі ерекше биологиялық қасиеттерімен көзге түсетін қара тауықтың жаңа тұқымын шығарды. Оның еті басқа тауықтарға қарағанда әлдеқайда құнарлы әрі қара түсті.

Тауық еті
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

— Бұл жобаны бастауға құс шаруашылығындағы бірқатар мәселе түрткі болды. Яғни тауықтарда аурулардың пайда болуы, аурулардың жаңа дәрілер мен методикаларға бейімделе бастауы және өзгеріп жатқан климат. Оған қоса, өкінішке қарай, Қазақстанда өзіміздің қолтұқымдар немесе гибридтер жоқ. Бәрінің өсіретіні — шетелден келген тауықтар. Олар да жақсы, әрине. Бірақ бізде үй жағдайында өсіру үшін бұдан мықтырақ тауықтар керек деп, осы жобаны бастаған едік, — дейді «Бүгін LIVE» бағдарламасына онлайн сұхбат берген жоба авторы Асқар Рахимов.

Жаңа тұқым сыртқы ерекшелігімен де өзгеше. Тауықтың қауырсыны ғана емес, еті де қара түсті. Ал жұмыртқалары табиғи түрлі-түсті болып келеді. Бұл ерекшеліктер құсты суыққа төзімді етеді. Мамандардың айтуынша, мұндай тауықтар аязды климатта үсіп қалмайды.

— Бұл тауық етінің адамға еш зияны жоқ. Көп адамдар «Қалай бұл тауықтың еті қара түсті?» деп сұрайды. Мұнда ешқандай ГМО не химикаттар жоқ. Мұның бәрі табиғи дүние. Ал құндылығына келер болсақ, тауықтың жұмыртқалары тек қана түсімен ерекшеленеді. Бұл маркетинг жағынан жақсы қадам. Ал құндылығы кәдімгі тауық жұмыртқаларымен бірдей. Ал етінде мырыш пен темір көбірек. Және протеин жоғарырақ, — дейді жоба авторы.

Асқар Рахимов жаңа тұқымды жасап шығару оңайға соқпағанын айтады.

— Жобаның басында 5 түрлі ерекше тауықты бір-бірімен будандастырып, қазір Kazaukana атты гибридтерімізді алып отырмыз. Бұл әлі толық тұқым емес. Ол үшін 2–3 жыл керек. Қазір тек гибрид болып саналады. Біз бұл гибридті шығару үшін ең мықты, ең жақсы деген тауықтарды таңдап алдық. Олардың бәрін зерттеп, іздеу керек, табу керек. Таппасақ, басқа аналогтар табу керек. Оның бәрі қаржыға байланысты. Одан бөлек, түрлі тұқымдарды зерттеп, кейбірі сәйкес келмей жатты. Одан соң будандастыру кезінде ауру мәселесі болмаса, басқа мәселелер болған жоқ, — дейді ол.

Айта кетейік, Қазақстанда сиыр тұқымын эмбрион деңгейінде асылдандыратын зертхана ашылуы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар