Теміржол вокзалдарын жөндеу жұмыстары кешеуілдеген өңірлер белгілі болды

АСТАНА. KAZINFORM – Кейбір өңірлер теміржол вокзалдарын жөндеу жұмыстарын кешеуілдетіп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров айтты.

Алматы 1
Фото: Threads

— Сіздің тапсырмаңыздың аясында аймақтарды аралап, теміржол вокзалдарын жөндеу бойынша жұмыстарды зерделеп көрдік. Жобаның тапсырыс берушісі — «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ. Мердігер ұйымдар жергілікті атқарушы органдар тарапынан ұсынылған. Оларға 30 пайыз көлемінде аванстық төлем жасалынды. Қазіргі уақытта, 100 нысан бойынша жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтуде. Қыс мезгіліне дайындық қамтамасыз етілген. Жолаушыларға арналған уақытша құрылыстар мен күту аймақтары дайын. 124 нысанның 121-інде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. 3 вокзал бойынша тарихи-мәдени мұра нысандары ретінде ғылыми зерттеулер жалғасуда. Бұл нысандарда жөндеу 2026 жылы жүргізілетін болады, — деді вице-министр.

Оның мәліметінше, вокзалдардың шамамен 70 пайызы 30 жылдан астам уақыт жөндеуден өтпеген. Техникалық тексерулер нәтижесінде кейбір тіреуіш бағандар мен конструкцияларда әрі қарай пайдалануға жарамсыз ақаулар анықталған.

— Осыған байланысты 42 нысан толықтай бұзылды. Бұл өз кезегінде жұмыс көлемін арттыруға және құрылыс-монтаж жұмыстарының басталу мерзімін кешіктірілуіне ықпал етті. Алматы, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарында жұмыстардың орындалуы 50 пайыздан жоғары.Орташа құрылыс қарқыны Қызылорда, Жамбыл, Атырау, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында байқалады. Кейбір вокзалдарда құрылыс қарқыны төмен, орындалу деңгейі 30 пайызға дейін. Артта қалу себептері — жұмыс фронтының уақытылы берілмеуі, техникалық тапсырмалардың «ҚТЖ» тарапынан кешіктірілуі және мердігер ұйымдар ресурстарының жеткіліксіздігі, — деді Мақсат Қалиақпаров.

Вице-министр жалпы жоба ілгерілеп келе жатқанын айтады.

— Барлық мәселелер шешімін табуда. Биыл 80-нен астам вокзал пайдалануға беріледі. Жергілікті атқарушы органдар мен мердігер ұйымдардың құрылыс-монтаж жұмыстарының қарқынын күшейтуі қажет, — деді ол.

Осы орайда Премьер-министр Олжас Бектенов «Алматы-1» вокзалын жаңғырту жұмыстары тым ұзаққа созылып кеткенін назар аударды. 

 

Соңғы жаңалықтар