Темірлан Анарбеков «Қайрат» пен «Арсенал» кездесуінің маңызын атап өтті

АСТАНА. KAZINFORM — «Қайрат» командасының қақпашысы Темірлан Анарбеков UEFA Чемпиондар лигасы негізгі кезеңі сегізінші турындағы Англияның «Арсенал» (Лондон) кездесуі жайында пікірін білдірді.

Темірлан Анарбеков
Фото: Видеодан скрин

Кездесу 28 қаңтардан 29-на қараған түні сағат 1:00–де Англия астанасы Лондон қаласындағы «Эмирейтс» стадионында басталып, «Qazaqstan» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

— Ойын алдында алған әсеріміз ерекше. Бір жылдай бұрын мұндай деңгейде кездесу өткіземіз деп ойлаған жоқпыз. Алдағы кездесуде біз толықтай дайындығымызды көрсетеміз. Қандай командамен ойнасақ та, біз өз күшімізді көрсетеміз, — деді Темірлан Анарбеков.

Айта кетсек, Темірлан Анарбеков Чемпиондар лигасындағы үздік 20 футболшының тізіміне енді. Темірлан Анарбековтің бұл рейтингіге қосылуы әлемдік футбол үшін басты сенсация ретінде бағаланып отыр. Ол Қазақстан үшін үлкен мақтаныш нысанына айналды. Бұл тізімде Килиан Мбаппе («Реал Мадрид»), Эрлинг Холанд («Манчестер Сити»), Гарри Кейн («Бавария») сынды танымал ойыншылар бар.

Темірлан Атырауда 2003 жылы 14 қарашада дүниеге келген. 2017 жылғы қарашадан бастап ол «Қайрат» академиясының тәрбиеленушісі атанды.

2020 жылы небәрі 17 жасында Анарбеков Премьер-лигадағы алғашқы ойынын «Таразға» қарсы өткізді. 

2022 жылы ол Бірінші лигада ойнайтын «Қайрат-Жастар» командасының капитаны болды. Ал 2024 жылғы маусымда астаналық «Жеңісте» жалға ойнап, командамен бірге Лига кубогының финалына дейін жетті.

Осыған дейін негізгі кезеңде «Қайрат» Португалияның «Спортингіне» 1:4, Испанияның «Реал Мадридіне» 0:5, Италияның «Интеріне» 1:2, Грекияның «Олимпиакосына» 0:1, Данияның «Копенгагеніне» 2:3, Бельгияның «Брюггесііне» 1:4 есебімен жол берсе, Кипрдің «Пафосымен» 0:0 есебімен тең түсті.

Соңғы жаңалықтар