Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Теміртау маңында жылыжайда өсірілген 125 түп қарасора анықталды

АСТАНА. KAZINFORM – Қарағанды облысында полицейлер үй жағдайында ұйымдастырылған есірткі плантациясының қызметін тоқтатты. Теміртау қаласының маңындағы елді мекендердің бірінде арнайы жабдықталған жылыжайдан 125 түп қарасора табылды, деп хабарлайды Polisia.kz.

в
Фото: ІІМ

Операция «Қарасора – 2026» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Теміртау қаласы полиция басқармасының есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің және Қарағанды мен Ұлытау облыстары бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті қызметкерлерінің бірлескен жұмысының нәтижесінде жүргізілді.

– Жеке тұрғын үйдің аумағын тексеру барысында үй іргесіндегі жер телімінен және арнайы жабдықталған жылыжайдан қарасора тектес есірткі құрамды 125 түп өсімдік анықталды. Сонымен қатар тінту кезінде шаруашылық құрылыстарының бірінен өсімдік тектес кептірілген есірткі заттары мен тіркелмеген аңшылық мылтық тәркіленді. Алдын ала мәліметке сәйкес, күдікті қарасораны арнайы жасалған жағдайларда өздігінен өсіріп келген, – деді Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қуаныш Орынбетов.

Полиция қызметкерлері 19 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 300-бабының 1-бөлігі бойынша, құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Полиция есірткі құрамды өсімдіктерді заңсыз өсіру қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін еске салып, «Заң және тәртіп» қағидаты аясында есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес жалғасатынын мәлімдеді.

Айта кетейік, Қызылордада 1900-ге жуық түп қарасора өсірген алты адам ұсталды.