Теміртауда магистральдық құбыр қайта жарылып, ондаған үй жылусыз қалды
ТЕМІРТАУ. KAZINFORM - Қарағанды облысында аяз күшейген шақта Теміртау қаласында магистральдық жылу желісінде тағы бір апат тіркелді. Соның салдарынан ондаған тұрғын үй мен бірқатар әлеуметтік нысан жылудан уақытша ажыратылды. Бұл – соңғы бірнеше күн ішінде дәл осы учаскеде болған екінші апат.
Еске салайық, 13 қаңтарда аталған магистральда алғашқы апат болған еді. https://kaz.inform.kz/news/temrtauda-40-ka-zhuik-kopkabatti-uy-zhilusiz-kaldi-839624/ Сол кезде «Отрадный» шағынауданы мен сегізінші шағынауданда орналасқан шамамен 40 көпқабатты тұрғын үй, екі әлеуметтік нысан және жеке сектор тұтынушылары жылусыз қалған.
Аймақтағы қатты аяз жағдайды одан әрі ушықтырып, тұрғындар үшін елеулі қолайсыздық туғызды. Апат салдарын жою жұмыстары тек 14 қаңтар күні түстен кейін ғана аяқталып, жылу қайта берілген болатын.
Бұл жолы кезекті ақау 1970-жылдары салынған, диаметрі 400 миллиметр болатын магистральдық жылу құбырынан анықталды. Аталған желі «Отрадный» және сегізінші шағынаудандарды жылумен қамтамасыз етеді. Оқиға орнына жедел түрде авариялық-қалпына келтіру бригадалары тартылды. Қазіргі уақытта апат толықтай жойылған.
– Сегізінші шағынаудан бойынша жағдай тұрақтандырылды. Қазіргі сәтте барлық жөндеу жұмыстары аяқталып, жылу желілерін толтыру жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деді Теміртау қаласы әкімінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі орынбасары Ринат Қыдырбеков.
Қала әкімдігінің мәліметінше, Теміртаудағы жылу желілерінің 75 пайыздан астамы тозған. Инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту мен жөндеуге бүгінге дейін 25 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған. Ал қалған учаскелерді толық қалпына келтіру үшін шамамен 45 миллиард теңге қажет.
Биыл қала ұлттық жоба аясында қаржыландыруға өтінім беріп, Энергетика министрлігі алдын ала мақұлдаған.