Теміртауда жедел жәрдем фельдшері соққыға жығылды
ТЕМІРТАУ. KAZINFORM – Теміртауда жедел жәрдем қызметкерін әріптесі соққыға жыққан. Ұрып-соғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Оқиға 13 сәуірде Теміртау қаласының жедел жәрдем қосалқы станциясының аумағында болған. Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының әкімшілігінен хабарлағандай, екі әріптес арасындағы жанжал жұмысқа қатысты туындамаған.
– Екі қызметкер арасындағы даулы оқиға олардың кәсіби міндеттерін орындау кезінде және жұмыс барысына қатысты болмаған. Әріптесін соққан қосалқы станция қызметкері кезекті еңбек демалысында жүрген. Ол қызметтік үй-жайлар аумағына заңсыз кіріп кеткен, - деп түсіндірді мекемедегілер.
Қазіргі уақытта күдікті ұсталды және оған қатысты қылмыстық іс қозғалды.
– Теміртау қаласының 30 жастағы тұрғынына дене жарақатын салу фактісі бойынша 29 жастағы күдікті ұсталды және полицияға жеткізілді. Аталған оқиға бойынша сол күні қылмыстық іс қозғалды. Зардап шеккен қызметкердің емдеу курсы аяқталғаннан кейін сараптамалар тағайындалады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде оқиғаның мән-жайын, сондай-ақ құқық бұзушылықтың жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау үшін барлық қажетті тергеу әрекеті жүргізіліп жатыр, - деп хабарлайды Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.
Жедел жәрдем қызметінің әкімшілігі де ашуға бой алдырып, тәртіп бұзған қызметкерін жауапқа тартпақ.
– Кезекті еңбек демалысы аяқталғаннан кейін қосалқы станция әкімшілігі аталған қызметкерге қатысты тәртіптік сипаттағы қатаң шаралар қабылдайды. Зардап шеккен фельдшерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетіледі. ОЖМЖС әкімшілігі оның құқықтарын қорғауға жан-жақты көмек көрсетеді, - деп толықтырды облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы.
Осыған дейін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жедел жәрдем қызметін жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне беруді ұсынғаны жайлы жазған болатынбыз.