Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Теміржол арқылы транзиттік тасымал көлемін жылына 55 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отыр – Премьер-министр

АСТАНА.KAZINFORM – ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Үкімет отырысында Көлік министрлігіне саланы дамыту бойынша бірқатар тапсырма берді.

транзит
Коллаж: Kazinform / Midjourney

– Көлік саласында теміржол арқылы транзиттік тасымал көлемін жылына 55 млн тоннаға дейін ұлғайтуға тікелей ықпал ететін бірқатар жоба іске асырылып жатыр. Көлік министрлігі «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін негізгі теміржол желілерінің құрылысын, яғни Дарбаза – Мақтаарал және Мойынты-Қызылжар, сондай-ақ вокзалдарды жаңғырту жұмыстарын аяқтасын, – деді ол.

Сонымен бірге, Үкімет басшысының сөзінше, автомобиль жолдарын салу және күрделі жөндеу жұмыстары аясында олардың нормативтік талаптарға сәйкес келуін қамтамасыз ету қажет және мультимодальды транзит көлемін арттыру үшін көлік саласын цифрлық трансформациялау керек.

– Көлік министрлігі Жасанды интеллект министрлігімен бірлесіп, заманауи цифрлық құралдарды енгізуді, содан кейін оларды Smart Data Transport бірыңғай деректер көліне біріктіруді қамтамасыз етсін. Бұл саланың ашықтығын арттыруға және жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді белсенді түрде енгізуге мүмкіндік береді, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін елімізде 754 шақырым теміржол салынып жатқанын жазғанбыз.