«Тендердегi теңсiздiктi кәсiпкерлер реттей ала ма?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 23 қаңтар, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Тендердегi теңсiздiктi кәсiпкерлер реттей ала ма?» - баспасөзге шолу

«Егемен Қазақстан» газетiнде халықаралық «Невада-Семей» антиядролық қозғалысына қатысушылар қатарына қалың көпшілікпен бірге, полигонды жапсақ екен деген арманмен қосылған жандардың бiрi, Олжас Сүлейменовтің досы Сұлтан Картоевпен сұхбаты шықты.

- Қазір айтсам, ешкім сенбеуі де мүмкін. Бірақ кезінде маған «Олжастан бас тарт» деп соңыма шырақ алып түскендер болған. «Сөйтсең, қызметіңді өсіреміз, құрметтеп, қаржылай сыйлық береміз» деді. Мен көнбедім. Содан сегіз жыл бойы Олжаспен достығым үшін жаныма тыныштық болмады. «Ертіс ГЭСстройда» жұмыс істеген кезімде үш рет қуғындалдым. Үш рет өзімнің конс­титуциялық құқығымды қорғап, жанталастым. Осының бәрінде мені Олжас қана қорғады, Олжас қана қолдады, - деп еске алады Картоев.

«Басымыздан неше түрлі өтті ғой, сонда да біз достығымызды сақтай білдік. Біздің арамыздағы достық - нағыз ерлер достығы. Мұндай бақыт екінің бірінің басына қона бермейді. Мен сол үшін де өмірге ризамын. Біз қазірде бір-бірімізге жиі қонаққа барып тұрамыз. Екеуміз де Павлодар облысынанбыз. Екеуміз де шахмат ойнағанды ұнатамыз. Қай жерде кездессек те - аэропортта, вокзалда, далада ол маған «Сұлтан, кәне шахматты шығаршы!» дейді. Кездескен сайын ол өткен күннің қиындықтарын есіне алады», - дейдi ендi бiр сөзiнде Сұлтан аға. Толығырақ «Қазақтан досың болса, жолда қалдырмайды» атты материалдан оқи аласыздар.

« Жыртыл, қазақ, жаңа жыл келдi » деген тақырыппен мақала жарияланып отыр. Онда қазақтың той дегенде ақша шашатын әдетiнен халық қанша қаражат жоғалтатыны туралы мәлiметтер берiлген.

«Қазақта «Өлеңді жерде өгіз семіреді, өлімді жерде молда семіреді» деген сөз бар. Молдалар қанша табыс тауып жатқанын кім білсін, қазіргі кезде Қазақстанда тойхана иелері байып жатыр. Зерттеу мәліметтеріне қарағанда, Қазақстандағы ойын-сауық кештері өтетін кафе, мейрамханалар былтырғы жылдың желтоқсан айында 28,2 млрд. теңге таза пайда тауыпты», - делiнген материалда.

«Тойдың болғаны жақсы-ақ, бірақ «көрпеге қарай көсілу» дегенді қазіргі заманның адамдары ұмытып қалған. Қарап отырсақ осының барлығы асып-тасқандық, ысырап жасау сияқты болып көрінеді. Халықтың қуанышқа жайылған дастарқан шығындары, негізінен, тойхана иелерінің қалтасына түсіп жатыр.

Ranking.kz. сайтының жазғанына сенсек, өткен бір айдың ішінде алматылықтар кафе, мейрамханаларға 5,8 млрд. теңге тастапты. Жалпы, қазақстандықтар жаңа жыл қарсаңында көңіл көтеретін орындардағы ішіп-жемге 28,2 млрд. теңге жұмсапты. Қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарының жылдық пайда өсімі 13 пайызға көтерілген, яғни 3,4 млрд. теңгеге артқан», - деп жазады «Айқын».

«Тендер айналасындағы түйткілді кәсіпкерлердің өзі араласып, тарқататын күн алыс емес», деп хабарлайды « Айқын » басылымы «Тендердегi теңсiздiктi кәсiпкерлер реттей ала ма?» атты мақалада.

«Себебі апта басында Ұлттық палата өкілдері өңірлік жерлердегі тура осы заңсыздықтың белең алуын зерттей келе, тендерлік комиссияда өзара ауызжаласқан шенеуніктер ғана тұрақты мүше екенін айқындапты. Енді Палата өкілдері заңгерлерінің өтініші бойынша, тиісті заңға өзгеріс енгізіліпті. Бұдан былай, комиссия мүшесінің

50 пайызы тек қана кәсіпкерлерден жасақталатын болды», - дейдi газет.

«Айқынның» келтiрген ресми мәліметтерi бойынша, соңғы 5 жылдың ішінде осы саладағы жемқорлыққа қатысты айыпталып сотталған жоғары лауазымды шенеуніктердің ғана саны 320-ға жеткен.

«Біз осы мақаланы жазу барысында «Откат» деген сөздің елге түсінікті қазақша баламасын таба алмадық. Үлкен ағалардың айтуынша, бүгінде сол «откат» тендер бағасының 10-15 пайызын құрайды, тіпті кейбір тұстары 30 пайызға дейін шарықтап кететін көрінеді», - деп атап өтедi мақала авторы.

«60 жылдан кейiн Алматы қаласында бiрде-бiр ағаш қалмауы мүмкiн», деп жазады ресми тiлдi «Экспресс К» басылымы. «Алматы әкiмдiгiнiң деректерi бойынша, 2010 жылы оңтүстiк астанада ағаш саны 1 470 000 болған. «Жасыл ұйымдардың» хабарлауынша, олардың саны қазiр 1 360 000 шамасында. Былтырдың өзiнде 15 000 тал кесiлген. Бұл тек ресми рұқсаттың негiзiнде алынып тасталған ағаштардың саны ғана. Егер осылай жалғаса беретiн болса, Алматыда ең соңғы ағаш 60 жылдан соң кесiлетiн болады», - делiнген «Деревья умирают стоя» атты мақалада.