14:17, 05 Ақпан 2009 | GMT +5
Теңге бағамының нығаюы үшін мұнай бағасының өсуі жеткіліксіз ?Р. Алшанов
АЛМАТЫ. Ақпанның 5-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Ұлттық валютаның девальвациясында теңге бағамының нығаюын мұнай бағасының өсуіне ғана тіреп қоюға болмайды.

ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті, Тұран университетінің ректоры, экономика ғылымының докторы, физика-математика ғылымдарының кандидаты Рахман Алшанов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында осындай пікір білдірді. «Қазақстаның сауда-саттықтағы басты әріптесі саналатын өзге елдерде ұлттық валютаның девальвациясы бізге қарағанда ерте қолға алынды. Жалпы экономикасы нарықтық жолға түскен елдерде валюта бағамы сұранысқа сай өзгеріп отырады. Бұл бизнестің жұмысы, мемлекет оған араласпайды. Қазір Өзбекстан сияқты кейбір мемлекеттер өз қауіпсіздігін ойлап, долларды ұстап қалу үшін түрлі шектеулер жасауда. Қазақстанда да нарықтық экономика мен валюталық қатынастар әлі дамымағандықтан валюта бағамы Ұлттық банк тарапынан реттеліп келді. Сыртқа тауар шығаратын компаниялар үшін теңгенің құнсыздануы тиімді болды. Алайда олар шетелден әкелген долларын теңгеге қымбаттырақ сатып инфляцияға белгілі бір дәрежеде ықпал етіп келді», - дейді Рахман Алшанов. Оның пайымдауынша, ұлттық валютаның девальвацияся бізде ерте ме кеш пе бәрібір жасалатын еді. Дегенмен оны өзге елдер сияқты бірден емес біртіндеп босатқанда оның зардабын қарапайым халық пен отандық өндіріс сезінбейтін еді. Өйткені олар өз өндірісіне қажетті заттардың көбін әлі де сырттан әкеледі. Бұл өзгеріс сондай-ақ сырттан қарыз алған банктер мен олардың жанындағы компаниялар үшін де үлкен сын болмақ. Себебі қазір банктер мен валюта айырбастау қосындары долларды қымбатқа сатып жатыр. «Валюта бағамын мұнай бағасына ғана байланыстыруға болмайды. Мұнай бағасының түсуі одан көп табыс тауып үйреніп қалғандарға әсер етуі мүмкін. Егер қазіргі баға біршама уақыт өзгермейтін болса ол біз үшін тиімді болары күмәнсіз. Өйткені Қазақстанда мұнай өндірудің өзіндік құны орта есеппен 1 баррель үшін 12 долларды құрайды. Кейбір компанияларда ол тіпті 2 доллар ғана. Әрине, мұнай бағасы өссе бізде артық доллар көбейіп, сұраныс азайған соң теңге бағамы біршама нығаюы күмәнсіз. Бірақ әлемдік нарықтағы шикізатқа деген сұраныстың азаюы өндірістің өзге салаларын да дамытуға ерекше көңіл бөлу керектігін көрсетіп отыр. Мәселен, АҚШ-та өндірістің 800 саласы бар. Бұл оларға белгілі бір деңгейде дағдарыстың салдарын жеңілдетуде», - дейді ғалым.