Теңге девальвациясы экономикадағы оң өзгерістердің қалыптасуына ықпал етті

; АСТАНА. Ақпанның 10-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Еліміздің 2009 жылды оң нәтижелермен аяқтауына ұлттық валютамыз - теңгенің девальвациялануы көп көмегін тигізді. Ұлттық банк 2009 жылғы ақпанның 4-де теңгенің долларға шаққандағы айырбас бағамын бір сәтте құнсыздандырғанда, бұл шешімнің дұрыс-бұрыстығы туралы іште де, сыртта да әртүрлі пікірлер айтылды. Алайда, Қазақстанның өткен жылдың ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуының

Теңге девальвациясы экономикадағы оң өзгерістердің қалыптасуына  ықпал  етті

қорытындылары девальвацияның дер кезінде қабылданған дұрыс әрі батыл шешім болғандығын көрсетіп берді. Ал жалпы сол кезде теңге не себепті құнсызданды деген мәселеге келсек, оның бірнеше себебі бар. Девальвация экономикамызды сол сәтте дауылы бет қаратпай тұрған дағдарыстың ауыр салдарынан сақтап, дағдарыстан кейінгі кезеңде қарқынды экономикалық өсімге негіз қалыптастыру, ішкі рыногымызды импорттық тауарлардың тасқынынан қорғап, отандық өндірісті ынталандыру, сондай-ақ сол кезде қысымға ұшыраған мемлекетіміздің резервін сақтау үшін жасалды. Бір сөзбен айтқанда бұл ұлттық экономикамыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жасалған аса маңызды стратегиялық қадам болды.

Әрине, теңге құнсызданғаннан кейін былтыр жыл ішінде ішкі нарықтағы инфляциялық қысымның қаупі күшейді. Бұл негізінен азық-түлік тауарлары және басқа да көрсетілетін қызмет түрлері бағасының негізсіз көтерілуінен көрініс берді. Сондықтан девальвациядан кейін инфляцияны ырықтау Қазақстан Үкіметінің өткен жылғы қызметіндегі негізгі міндеттердің бірі болды. Инфляцияны ауыздықтау үшін жыл ішінде Үкіметтің дүркін-дүркін қабылдаған тосын шешімдері күрделі әрі қиын бұл міндеттің орындалуына алып келді. Нәтижесінде 2009 жылдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 6,2 пайызды құрады. Бұл жыл басында жоспарланған 8-8,5 пайыздық дәлізден әлдеқайда төмен.

Жоғарыда девалвацияның сол кезде қысымға ұшыраған мемлекетіміздің резервін сақтау үшін жасалғанын айтқанбыз. Бұл шешім өзінің өміршеңдігін көрсетті. Оған мына дәлелдерді келтіруге болады. Айырбастау бағамының бір сәттік өзгерісі девальвациялық күтулерді айтарлықтай төмендетуге, төлем балансының жағдайын жақсартуға, Ұлттық банктің алтын-валюта резервтерін сақтауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде Қазақстан қор биржасындағы теңгенің бағамы 2009 жылғы ақпанның 5-нен бастап қазіргі уақытқа дейін бір доллар үшін 148-151 теңге шегінде сақталып келеді. 2009 жылғы қарашадан бастап теңгенің нығаюы байқалады. Бұл жағдайларда Ұлттық банк басым түрде шетел валютасын сатып алуда. Мәселен, соңғы 3 айда Ұлттық банк ішкі валюта нарығында 6 млрд. АҚШ долларын астам шетел валютасын сатып алған. Ұлттық банктің мәліметі бойынша, осының нәтижесінде 2010 жылғы қаңтар айының соңында Қазақстанның таза халықаралық резервтері 51 млрд. АҚШ долларына жетіп отыр. Оның ішінде 26,4 млрд. АҚШ доллары Ұлттық банктің алтын-валюта активтері. Бұл 2009 жылғы қаңтармен салыстырғанда 44,6 пайызға көп. Еліміздің таза халықаралық резервтері 2008 жылдың соңында 47 млрд. долларды, ал 2007 жылдың соңында 37 млрд. долларды құраған-ды. Ұлттық қордың 10 млрд. доллар қаржысы дағдарысқа қарсы бағдарламаға жұмсалғандығына қарамастан, бас-аяғы бір жылдың көлемінде еліміздің алтын-валюта активтері қалпына келтірілді, тіпті жоғарыдағы цифрларға қарап дағдарыс басталғанға дейінгіден қазір бірнеше млрд. долларға артып отырғанын көреміз. Бір сөзбен айтқанда ұлттық валютамыздың девальвациялау туралы қабылданған шешім Ұлттық банктің алтын валюта резервтерін сақтап қана қоймай, тіпті оны ұлғайтуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл өз кезегінде еліміздің халықаралық резевтерінің көбеюіне де көмегін тигізді.

Девальвация ішкі нарықты импорттық тауарлардың тасқынынан қорғап, отандық өндірісті ынталандыру үшін жасалғанын айтқан айттық. Неге дейсіз ғой?. Экономиканың заңдылығы бойынша дағдарыс кезінде қандай да бір елдің ұлттық валютасының құнсыздандырылуы отандық өндіріс көлемінің ұлғаюына және олар өндіретін өнім бағасының арзандауына ықпал етеді. Яғни девальвация экспорттың өсіміне жол ашады және импорттық тауарлардың тасқынын шектейді. Бұл өз кезегінде отандық тауарлардың импорттық тауарлармен салыстырғанда бәсекеге қабілеттілігін жоғарылатады. Қазақстанның негізгі сауда әріптесі іргедегі Ресей 2008 жылдың соңында ұлттық валютасы рубльді 44 пайызға девальвациялағанын білеміз. Мұндайда біздің Үкімет тиісті шара қабылдамаса, отандық өндірісіміз тұншығатын еді. Бұл дегеніміз, Ресейде өндірілетін тауарлардың бағасы арзандап, тиісінше ол бірте-бірте Қазақстан нарығын жаулауға ұмтылады деген сөз. Мұндай жағдайда теңгенің дер кезінде девалвациялануы отандық нарықты шетелдердің импорттық тауарларының тасқынынан қорғай алғанын көреміз. Ұлттық банктің мәліметіне сүйенсек, 2009 жылы теңгенің құнсыздануының арқасында тауарлар импорты 25,2 пайызға, яғни 28,7 млрд. АҚШ долларына дейін қысқарған. Импорттың төмендеуі негізгі импорттық номенклатураның барлық тауарлар топтары бойынша байқалған, оның ішінде импорт аралық өнеркәсіптік тұтыну тауарлары бойынша - 35,0 пайызға және тұтыну тауарлары бойынша - 19,0 пайызға төмендеген.

Дейтұрғанмен, девальвация несиесін банктермен арадағы келісімшарт бойынша доллармен төлейтін қазақстандықтарға о баста жайсыз тигені рас. Себебі, теңге курсының бірден 23 пайызға құнсыздануы осы санаттағы адамдардың отбасыларының ай сайынғы бюджетіне әжептәуір ауыр тиді. Олардың арасында жас отбасылар, бюджет саласы қызметкерлері көптеп кездесетұғын. Осы арада Үкіметтің жыл ішінде бұл мәселені де жүйелі шеше алғанын айтып өткен жөн. Үкіметтің шешімімен «Самұрық-Қазына» қоры ипотекалық қарыздары бар азаматтардың проблемаларын шешу үшін ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын әзірлеп, жүзеге асырды. Бағдарлама аясында бюджет саласы қызметкерлерінің ипотекалық несилерінің ставкасы 9 пайызға, басқа санаттағы азаматтардікі 11 пайызға төмендетілді Сөйтіп осы бағдарламаны жүзеге асырудың арқасында 2009 жылы 31 мың 400 отбасының ай сайын төлейтін қарыздары 30 пайызға азайды. Бұл дағдарыс жағдайында мемлекеттің халыққа жасаған көп қамқорлықтарының бірі болды. Атап өтерлігі, «Самұрық-Қазына» қоры алдағы 3 жылдың ішінде де аталмыш бағдарламаны жалғастыратын болады.

Тұтастай алғанда, 2009 жылдың басында жасалған теңге девальвациясы мемлекетіміздің экономикасы үшін аса пайдалы болғанын жоғарыдағы мысалдардан көреміз. Бұл үдеріс мемлекетіміздің резервтерінің қалпына келуіне, тіпті ұлғаюына, отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігінің жоғарылуына ықпал етті. Бұл өз кезегінде Қазақстанның 2009 жылды аз да болса экономикалық өсіммен аяқталуына септігін тигізді.

Ал енді 2010 жылы айырбастау бағамының саясаты қалай болады деген мәселеге келсек, бұл саясат қазақстандық экономиканың ішкі және сыртқы бәсекеге қабілеттілігінің арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге бағытталады. Ұлттық банк курстық саясаттың икемділігін арттыру үшін 2010 жылғы ақпанның 5-нен бастап теңге бағамының ауытқуларының дәлізін + 15 теңгеге (10 пайыз) және - 22,5 теңгеге (15 пайыз) дейін кеңейтті. Бірақ бұған қарап теңге тағы да құнсызданады деп күмәнданудың қажеті жоқ. Теңге бағамының динамикасындағы басым үрдістер әлемдік қаржы және тауар нарықтарындағы ахуалмен және төлем балансының жағдайымен байланысты болады. Олай болатын болса, қазіргі таңда әлемдік нарықтағы мұнай және металл бағасының көтеріліп келе жатқанын ескерсек, қалыптасқан дәстүр бойынша теңге долларға шаққанда нығаюы тиіс. Ал жалпы Ұлттық банктің басшылығы банкте теңгенің айырбастау бағамының тұрақтылығын белгіленген дәлізде қамтамасыз етуге қажетті жеткілікті алтынвалюта резервтері барына және теріс күтулерге ешқандай алғышарттар жоқтығына сендіріп отыр.