Теңге кентінде өрт сөндіру бөлімі ашылды
АҚТАУ. Мамырдың 4-і. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Жаңаөзен қаласына қарасты Теңге кентінде жаңа өрт сөндіру бөлімі ашылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Бөлімшенің ашылу рәсімін бастаудың алдында Жаңаөзен қаласының Рахат көшесіндегі жалпы білім беру мектебінде оқу-жаттығу өткізіліп, қала ішінде машинамен жүріп, дауыскүшейткіш арқылы өзгерген 101, 112 телефондары жарияланды. Бұған дейін Жаңаөзен қаласында №7 және №10 өрт сөндіру бөлімдері бар еді. Енді олардың қатарына Теңге кентіндегі №12 өрт сөндіру бөлімі қосылып отыр. Жаңа бөлім бұрынғы «Өзенинвест» МКК балансында тұрған өрт сөндіру депосы негізінде ашылды. Депо төтенше жағдайлар департаментінің балансына аударылғаннан кейін күрделі жөндеуден өткізілген. Өрт сөндіру бөлімінің штаты 14 бірліктен тұрады. Тұсаукесерге Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және апатты жағдайлардың алдын алу» мемлекеттік мекемесі филиалының бастығы, подполковник Ерғали Аманғалиев, Жаңаөзен қаласының гарнизон басшысы, өрт қызметі подполковнигі Сырым Есболаев, Теңге кентінің әкімі Базарбай Әскеров және әкімдік пен «Тазалық» ЖШС қызметкері және ауыл ақсақалдары қатысты. Теңге кентінің әкімі Б. Әскеров өз сөзін құттықтаудан бастап, жаңа бөлімшеге әкімдік атынан сыйлық ұсынды. Салтанатты жиында бөлімше қызметкерлерінің анты қабылданып, И. Ишманов, М. Ибағаров, Б. Көлбайұлы алғысхаттармен марапатталды. Бөлімше ашылуы кезіндегі ерекше сәттерінің бірі ? ауыл ақсақалдары бастап келген қонақтардың жаңа бөлімшенің ашылуына арнап ағаш көшеттерін отырғызуы болды.