Теңгенің әлсіреуіне әсер еткен 3 фактор аталды
АСТАНА. KAZINFORM – Теңге бағамының әлсіреуіне негізгі үш фактор әсер етіп отыр. Бұл туралы Үкіметте өтіп жатқан брифингте Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты.

- Соңғы бірнеше аптада валюта нарығында белгілі бір құбылулар байқалып отыр. Бұл ұлттық валюта бағамының әлсіреуінен көрініс тапты. Өткен аптада АҚШ долларының бағамы 500 теңгеден асты. Осыған байланысты бизнес пен азаматтарымыздың алаңдаушылығын түсіне отырып, Үкімет пен Ұлттық банк валюта нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша келісілген шараларды қабылдауда, - деді ол.
Осы орайда вице-премьер ұлттық валюта бағамын түзету іргелі сыртқы факторлардың әсерінен ғана туындайтын құбылыс екенін атап өтті.
- Олардың ішінде негізгі үшеуін бөліп көрсетуге болады. Бірінші фактор – соңғы айларда доллар индексінің жаһандық нығаюы. Екінші фактор – әлемдік мұнай бағасының төмендеуі. Ал соңғы маңызды фактор – Ресей рублінің әлсіреуі. Ресей біздің негізгі сауда серіктесіміз екенін ескерсек, рубль бағамының құбылуы теңге бағамына әсер етуі мүмкін. Азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайы мен әл-ауқатының нашарлауына жол бермеу және кәсіпкерлерге теріс әсерін азайту Үкіметтің басты міндеті. Экономика мен халық үшін ықтимал теріс салдарды тұрақтандыру әрі барынша азайту үшін барлық қажетті шара қабылданады. Бұл үшін Үкіметте ресурстар мен құралдар жеткілікті», - деді Нұрлан Байбазаров.
Еске салсақ, жуырда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,25%-ға дейін көтерді.
Сондай-ақ Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов доллар бағамының өзгеруі импорт тауарлары құнына әсер етуі мүмкін екенін айтты.
Осыған дейін ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин доллар бағамының 600 теңгеге дейін өсуі мүмкін бе деген сұраққа жауап берді.