Теңгенің нығаюы бюджет кірісін азайтты — Министрлік нақты сандарды атады
АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын таныстырды. Ұлттық экономикалар министрлігінің бірінші вице-министрі Азамат Әмрин 2027 жылға арналған кіріс болжамы бұған дейінгі үш жылдық бюджетпен салыстырғанда бірден 1,3 трлн теңгеге төмендегенін түсіндірді.
Оның айтуынша, 2027 жылға арналған бюджет кірісі болжамының төмендеуіне бірнеше фактор әсер еткен. Бірінші кезекте, 2026 жылғы мұнай өндіру көлеміне қатысты болжам қайта қаралған. Бұған Каспий құбыр консорциумы аумағында болған дрон шабуылдарынан кейінгі жағдай себеп болған.
— Өткен жылы биылғы жылға мұнай өндіру көлемін 100,5 млн тонна деп жоспарлаған едік. Қазір геосаяси жағдайды ескере отырып, биыл қаңтар, ақпан және шілде айларында бірқатар мәселе болғанын білесіздер. Соған байланысты мұнай өндіру көлемі 96 млн тоннаға дейін төмендеді, — деді Азамат Әмрин.
Мұнай өндіру көлемінің азаюы экспорттық түсімдерге де әсер еткен.
— Мұның тікелей әсері — экспорттық кедендік баж және мұнай экспорты көлемінің азаюынан шамамен 200 млрд теңге кем түседі. Жанама әсері де бар, әсіресе батыс өңірлерде мұнай өндіру көлемі азайғанда оған қызмет көрсететін сервистік компаниялардың түсімі де төмендейді. Үшінші әсер — осы салада жұмыс істейтін адамдардың табысы мен тұтыну шығындарына байланысты. Осы факторлардың барлығын қосқанда, мұнай өндіру көлемінің азаюына байланысты экономикадағы ақша көлемі 1,7 трлн теңгеге қысқарады. Соған сәйкес, осы сомаға түсетін салық көлемі де азаяды, — деп түсіндірді вице-министр.
Бұдан бөлек, теңгенің долларға шаққандағы бағамының нығаюы импортқа салынатын ҚҚС түсімінің төмендеуіне әсер еткен.
— Өткен жылы доллар бағамын 540 теңге деп алған едік. Бүгінгі бағам меніңше, 447 теңге шамасында. Бағамның өзгеруі де айтарлықтай әсер етеді. Тек импортқа салынатын ҚҚС бойынша 90 теңгеден асатын айырмашылықтың өзі бюджетке түсетін түсімнің 700 млрд теңгеден астамын азайтады. Себебі импортталатын тауарлардың теңгедегі құны төмендейді. Доллармен есептегенде олардың бағасы бұрынғыдай болғанымен, теңгеге шаққанда тауар құны арзандайды, — деді Азамат Әмрин.
Бұған дейін Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы мемлекеттік органдар сұраған қаржының 5 трлн теңгесі негізсіз боп шыққанын айтқан еді.
Сондай-ақ Ұлттық қордан стратегиялық жобаларға 5 трлн теңге бөлінеді.