08:21, 27 Ақпан 2009 | GMT +5
«Теңізшевройл» мен одан газ сатып алатын жергілікті тұтынушылар өнім бағасы бойынша жаңа келісімге қол қойды
АТЫРАУ. Ақпанның 27-сі. ҚазАқпарат /Андрей Соколов/ - Атырау облысында «Теңізшевройл жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен одан газ сатып алатын жергілікті тұтынушылар өнім бағасы бойынша жаңа келісімге қол қойды.
Атыраулық тұтынушылар үшін газдың бағасы бұрынғы деңгейге - 1 доллар үшін 120 теңге есеппен - қалатын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Газ бағасына байланысты проблема ақпан айының басында, теңге девальвациясынан кейін туындаған еді. Облыстың газ компаниялары мен жергілікті жылу-электр орталығы үшін табиғи газдың 1 мың текше метрін 34 доллардан сататын «Теңізшевройл» бағаны доллардың баға бағамы бойынша қайта есептеп шығуы керек болатын. Ал мұның салдарынан халық үшін, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен Атырау жылу-электр орталығы үшін табиғи газ қымбаттап кететін болды. Монополистер тұтынушылар үшін не тарифті көтерулері, не шығынмен жұмыс істей берулері керек еді. Атырау облысы бойынша табиғи монополиялардың жұмысын реттеу департаменті «Теңізшевройл» компаниясына газ бағасын бұрынғы деңгейде белгілеу туралы өтінішпен шықты. Монополияға қарсы ведомство директоры Балжан Досмұхамбетовтың хабарлауынша, компания бұл өтінішті қанағаттандырып отыр. 2010 жылғы сәуірдің 1-іне дейін тұтынушылар газ үшін доллардың ескі бағамымен есептесетін болды. ТШО компаниясының баспасөз қызметінен хабарлағандай, «кәсіпорын Атырау облысының тұрғындары алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін түсініп, осы қадамға барып отыр».