Теннис: Бублик пен Шевченко Мадрид мастерс турнирінде бақ сынайды

АСТАНА. KAZINFORM — 22 сәуірде басталатын Мадрид (Испания) мастерс турнирінің жеребесі тартылды.

Александр Бублик
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Аталмыш жарыста Қазақстанның бірінші, әлемнің 11-ракеткасы Александр Бублик пен рейтингіде 82-орындағы Александр Шевченко өнер көрсетеді. 

А.Бублик Мадрид додасында 8-ракетка болып тіркелген. Ол екінші айналымда кезінде рейтингіде 3-орынға дейін көтерілген, қазіргі кезде 80-сатыдағы грекиялық Стефанос Циципас немесе іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірімен ойнайды.

Өткен жылы А.Бублик Мадридте төртінші айналымға дейін жеткен еді. Биыл сол ұпайын қорғауға тура келеді. 

Осының алдында қазақстандық спортшы Мюнхен (Германия) ATP 500 турнирінің алғашқы айналымында-ақ ұтылып қалған еді. Бұл жолы сәттілік серік бола ма, оны алдағы ойындар көрсетеді.

А.Шевченко алғашқы айналымда әлемнің 53-ракеткасы, испаниялық Хауме Мунармен кездеседі. Одан өтсе, әлемнің 15-ракеткасы, норвегиялық Каспер Руудқа тап келеді. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Штутгарт турнирінің екі дүркін чемпионы атанғанын жазған болатынбыз. 

Сондай-ақ 15 жастағы қазақстандық теннисші Қытайдағы турнирде топ жарды

Бейбіт Жұқаев Оңтүстік Кореяда негізгі турнирге жолдама алды.