ТЕННИС: Бүгін «Ролан Гаррос» турнирінде Зарина Дияс екінші кездесуін өткізеді

Vesti.kz сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Қазақстанның бірінші, әлемнің 32-інші ракеткасы бүгін екінші айналымда дүниежүзілік сатыда 93-інші орында тұрған, бельгиялық Алисон ван Уйтванкпен шеберлік байқасады. «Үлкен дулығаның» бірі болып есептелетін «Ролан Гарроста» барлық теннисшілер де табысты өнер көрсеткісі келеді. Сондықтан бабы мен бағы келіссе, рейтингте төмен тұрғандар атақтыларды аяқ астынан ұтып кетіп жатады. Қазірдің өзінде Парижде әлемнің үшінші және алтыншы ракеткалары, румыниялық Симона Халеп, канадалық Эжени Бушар жарыс жолынан шығып қалды.
Қазақстандықтардан жекелей сында екінші айналымға З.Дияспен бірге Юлия Путинцева да өткен болатын. Алайда дүниежүзілік рейтингте 99-ыншы орында тұрған қазақстандық теннисші әлемнің 21-інші ракеткасы, украиналық Элина Свитолинадан айласын асыра алмады. Үш сағатқа жуық уақытқа созылған аса тартысты матчта Э.Свитолина 1:6, 7:5, 9:7 есебімен жеңіске жетті.
Айта кетейік, Зарина жұптық сында да жақсы өнер көрсетуде. Ол қытайлық Сюй Ифаньмен бірге украиналық Надежда Киченок пен румыниялық Йона Ралука Оларуды тізе бүктіріп, екінші айналымға шықты.