Теннис: Дэвис кубогының плей-офф кезеңінде Қазақстан Швейцариямен ойнайды

АСТАНА. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Кеше Лондонда, Халықаралық теннис федерациясының штаб пәтерінде ағымдағы жылғы қыркүйектің 17-19-ы күндері өтетін «Дэвис кубогы» әлемдік тобының плей-офф кезеңі матчтарының жеребесі тартылды.

Теннис: Дэвис кубогының плей-офф кезеңінде Қазақстан Швейцариямен ойнайды

ҚР Теннис федерациясының мәліметінше, бұл жарыста Қазақстан құрамасына әлемнің бірінші ракеткасы Роджер Федерер өнер көрсететін Швейцария құрамасы қарсылас атанды. Сөйтіп «Дэвис кубогы» әлемдік тобының плей-офф матчтарында Егор Шалдунов жаттықтыратын Қазақстан құрамасы өз кортында швейцариялық спортшыларды қабылдайтын болады.

Айта кетейік, «Дэвис кубогының» плей-офф кезеңіне Қазақстан құрамасы матчтар сериясы бойынша қытайлық спортшыларды 4:1 есебімен ұтып шыққан еді. Онда біздің командаға жеңісті Андрей Голубев, Михаил Кукушкин және Юрий Щукин сыйлаған болатын.

Сондай-ақ, «Дэвис кубогы» әлемдік тобының плей-офф кезеңінде мына жұптар кездесетін болады: Үндістан - Бразилия, Колумбия - АҚШ, Израиль - Австрия, Германия - Оңтүстік Африка Республикасы, Швеция - Италия, Австралия - Бельгия және Румыния - Эквадор.